Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:59

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жалағашта «эковата» өндіріледі

19.07.2022

346

0

Құрылыс саласы жылданжылға қарқын алып, соған сәйкес құрылыс нысандарының сәні мен сәулеті жаңарып келеді. Тіпті тұрғын үйлер үшін де  кейінгі жаңалық кеңінен қолданысқа еніп, уақыт талабынан қалыс қалар емес. Дәлірек айтсақ, қазір бұл салада экономикалық әрі экологиялық жағынан тиімді өнімдерге деген сұраныс артып отыр.

Жалағаштық кәсіпкер Мұрат Әбілов те алғашқыда құрылысқа қажетті өнімдерді тұтынушы ретінде пайдаланып жүрді. Сонда байқағаны, құрылыс тауарларына деген сұраныс өте жоғары. Ал, сұраныс ұлғайған сайын  тауардың түрі де көбейе түскен. Соның бірі – «ЭКОВАТА» құрылыс материалы. Бастысы, бұл – экологиялық тұрғыдан тиімді өнім. Салмағы жеңіл, сапасы мықты. Бағасы да қолжетімді. Тұтынушылардың айтуынша, бұл тауардың тағы бір ерекшелігі, құрт-құмырсқа жоламайтын көрінеді. Сол сияқты, ыстық пен суыққа бірдей төзімді. Қазір құрылыс нысандары мен қарапайым тұрғын үйлердің қабырғасын қаптауға және төбесін жабуға осы материал көбірек қолданыла бастады. Білуімізше, бұл өнімнің қыс мезгілінде үйдің жылы болуына үлкен септігі бар екен.

– Бастапқы кезде қызығушылықпен қарап, құрылыс материалының құрамына, сапасына мән бердім. Байқасам, біздің өңірден басқа жерлерде кеңінен қолданылады екен. Өнім сапасы көңілімнен шыққан соң материалдың дайындалу технологиясын үйренуге ден қойдым. Бұл арада 3-4 жылдай уақыт өтті. Осыдан кейін аудандағы кәсіпкерлік және туризм бөлімі арқылы 2 млн теңге грант иеленіп, жұмысты бастадық. Ресейден арнайы тапсырыспен цех құрылғыларын сатып алдық. Цехтың қуаттылығы күніне 6 тонна өнім дайындауға бейімделген. Сондай-ақ, бұл кәсіптің экономикалық тиімділігі қағаз қалдықтарын қайта өңдеу технологиясы бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде «ЭКОВАТА» өндірісінде 4 адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, пластикалық материалдан есік-терезе дайындаумен айналысып келеміз. Бұл жобамыз да тұрғындар сұранысын қанағаттандырып отыр. Қазір  5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, – дейді кәсіпкер.

Кәсіптің көзіп тапқан адам – кез келген бәсекеге бейім. Кейіпкеріміздің де көптеген жоспары бар. Оған жетуде аянып қалмасы да көрініп тұр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

Тағы да оқыңыз: