Сейсенбі, 21 шiлде, 21:20

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Автокөлік жасау саласын дамыту мәселелері талқыланды

21.07.2026

14

0

751751894 1336041138717127 7269200377933917119 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автокөлік жасау саласын дамыту мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы өңірдің автомобиль жасау өндірісіндегі бастамалар мен мәселелерге тоқталды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, оның ішінде отандық машина жасау саласын қолдау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын.

Өңірде толық циклді автомобиль шығаратын кәсіпорын болмаса да, жүк вагондарын жөндеу және қосалқы бөлшектер өндіруде тиісті жұмыс өз деңгейінде атқарылуда. Мәселен, сала кәсіпорындары бірінші жартыжылдықта 12 млрд теңгеге қызмет көрсетіп, негізгі өсім 9,9 пайыз болған.

«Келесі міндетіміз – жөндеу жұмыстарынан өнеркәсіптік өндіріс деңгейіне көшу. Бұл бағытта Қызылорда қаласындағы «Марал-Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу, заманауи жолаушылар вагондарын құрастыру жобасы кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, Арал ауданында «Дара Мото» инвестициялық жобасы аясында өңірімізде алғаш рет мотоцикл және мопед құрастырылуда. Бұл экономиканы әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға оң ықпал етеді.

Салаға қажетті кадрлар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінде даярлануда. Кейінгі екі жылда 200 студент білім алып, көлік, логистика, техникалық қызмет көрсету және теміржол саласындағы кәсіпорындарда еңбек етіп жүр. Жауапты басқармаға, қала және аудан әкімдіктеріне жаңа инвестициялық жобалар тартуды, кәсіпорындардың өндірістік жүктемесіне тұрақты мониторинг жүргізуді және өнім көлемін ұлғайтуды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

Жиында дала өртінің алдын алу мәселесі де талқыланды. Орман және дала өрттерінің басым көпшілігі адамдардың немқұрайлық әрекеттерінен, қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан туындайды. Өңірдің құрғақ және желді климатын ескерсек, дала өрттерінің пайда болу, тез тарау қаупі аса жоғары. Осы жылдың 6 айында 24 өрт тіркелген. Облыс әкімі қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертті.

Сонымен қатар қала және аудандардағы байланыс сапасын арттыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ветеринария саласында статистикалық дерекқор жүйесін қалпына келтіру, хаттамалық тапсырмаларды уақытылы орындау тапсырылды.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика