Шиелі ауданында соңғы үш жылда ауданның өз кірісі 5,3 млрд теңгеден 7,5 млрд теңгеге дейін өсіп, 141 пайыздық өсім көрсетті. Бұл қаражат әлеуметтік нысандарды дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуда. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес салық түсімдерін ұлғайту мақсатында арнайы жұмыс топтары тұрақты жұмыс жүргізуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков таныстырды.

«Жыл басынан бері аудан экономикасының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері де оң нәтижеге қол жеткізді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 44 млрд 6 млн теңгені, өңдеу өнеркәсібі 37 млрд 848 млн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 5 млрд 711 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,1 пайызға орындалды. Инвестиция тарту көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңінен 105,2 пайызға артты. Осы кезеңде 37 мың 753 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 104,5 пайызды құрады. Бөлшек сауда көлемі де 6 млрд 971 млн теңгеге жетіп, тұрақты өсім сақталды. Экономиканың тұрақты дамуы аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың басты кепілі. Сондықтан инвестиция тарту, өндірісті ұлғайту және бюджет кірістерін көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.




