Сейсенбі, 19 наурыз, 09:00

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Серіктестік туралы

«Сыр медиа» ЖШС – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық газетті («Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары»), 1 ақпарат агенттігін («Kyzylorda-news.kz»), 1 қалалық («Ақмешіт апталығы»), 7 аудандық басылымды (Арал аудандық «Толқын», Қазалы аудандық «Қазалы», Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы», Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы», Шиелі аудандық «Өскен өңір», Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті) бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудандар мен елді мекендерге өзі таратып отырған республикадағы жалғыз медиа құрылым.

Қызылорда облысы әкімдігінің №794 қаулысымен 2010 жылдың 7 маусымында «Сыр медиа» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды. Мұндағы мақсат – облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінде қалыптасқан қаржылық қиындықтарды шешу, тиімді басқару жүйесін қалыптастыру, газет сапасын көтеру, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және басылымдардың уақыт сұранысына сай электрондық қызметін кеңейту болатын.

Кәсіпорын өз миссиясын орындады. Құрылымға қарасты газеттердің барлық қарызы жабылды. 2012 жылдың 20 наурызында Қызылорда облысы әкімдігінің №368 қаулысымен «Сыр медиаға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәртебесі берілді. Ал 2013 жылғы 9 тамызда Қызылорда облысы әкімдігінің №231 қаулысымен «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайта ұйымдастырылып, оның құрамына 7 аудандық газет редакциясы мен 1 қалалық газет қосылды. Ал 2013 жылдың қыркүйегінен бастап Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей бастамасымен оқырманға жол тартқан облыстық «Ақмешіт жастары» газеті де «Сыр медиа» еншісіне берілді. Қазір құрамында, жоғарыда айтқандай, аудандық, қалалық, облыстық басылымдар мен баспаханасы, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі бар ірі құрылымға айналды. Серіктестік құрылған 2010 жылы 85 штат бірлігі болатын. Бүгінде серіктестікке қарасты құрылымдарда 600-ге жуық адам еңбек етеді.

Айта кету керек, 2011 жылы ақпан айында «Сыр медиа» жанынан облыстық деңгейде қоғамдық ой-пікірлерге, ұсыныстарға сараптама жүргізетін ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Орталық әлеуметтік зерттеулер жүргізумен айналысты. Бұл қызметті жиырмадан астам маман жүзеге асырды. Олардың қатарында әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, психологтар, блогерлер және тағы басқа білікті мамандар бар. Бұл орталық 2019 жылы серіктестік құрамынан шығарылып, өз алдына мемлекеттік мекеме болып құрылды. 2017 жылы 14 желтоқсанда облыс әкімінің өкімімен құрылған «Рухани жаңғыру» орталығы да «Сыр медиа» серіктестігінің құрамына берілді. «Рухани жаңғыру» орталығы аяғына тік тұрғаннан кейін 2021 жылдың наурыз айынан бастап серіктестік құрамынан шығарылып, өз алдына мемлекеттік мекеме болып құрылды.

2013 жылдың соңында «Сыр медиа» ЖШС жаңадан салынған шығармашылық үйіне орналасты. Осылайша шығармашылық өкілдерінің басы бір ортаға бірігіп, өзіндік жайлы отауға қол жеткізді. 2012 жылы басталып 2013 жылдың қазан айында аяқталған ғимарат құрылысына 631 млн 115 мың теңге жұмсалды. Ғимарат – 3 қабатты. Пайдалы алаңы – 2896,3 шаршы метр. 80 бөлмесі бар. Одан басқа конференц-залы мен асханасы қызмет көрсетеді. Отандық ақпарат саласында осындай орнықтылық қалыптастырған шығармашылық үйіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі берілді. Қырымбек Елеуұлы арнайы келіп құттықтап, Т.Жүргеновтің ескерткіш тақтасын ашты.