Жексенбі, 28 сәуiр, 12:52

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Еуропада топ жарған қазақ жокейі кім?

13.01.2024

247

0

Еуропада топ жарған қазақ жокейі кім?
Фото: time.kz

Бауыржан Мырзабаев – әлемге әйгілі шабандоздардың бірі. Еуропада 1 жылда 100 мәрте топ жарған. Ат құлағында ойнау қанымызда екенін дәлелдеген шабандозбен тілдескен едік.

R0KFEQ0P708.jpg

Дамыған елдерде жокей мектебі қалыптасқан, бізде инвестиция салар адам жоқ


Жетісу облысында дүниеге келдім. Ауылда өскендіктен кішкентай кезімізден жылқыға жақын болдық. Әкем де ат баптап, жылқы жүгіртетін. Жеті жасымнан аламанға қызықтым. 2007 жылы Алматы қаласындағы ипподромда бәйгелерге қатыстым. Сол уақыттан бері атбегілікке назар ауды. Кинодан шетелдің жокейлерін көріп, сондай болсам деп қиялдайтынмын. Алматы ипподромының директоры болған Нұрлан Тілеулесовтің  көмегі көп болды. Арманымның орындалуына үлкен ықпал еткен сол кісі. Негізі Англияға кетуім керек болған. Бірақ құжат реттелмей, бара алмадым. Осылайша, 2009 жылы Чехияға қоныс аудардым.


Ат спорты дамыған елдерде жокей мектебінде оқуға қызығатындардың қарасы көп. Ол – біздің елдегі колледждің дәрежесіндегі оқу орын. Онда 9-сыныптан кейін оқуға қабылдайды, үш жыл оқытады. Үш жыл бойы ат шабыстардың түрі, деңгейі, жарыс жолында шабандозға қойылатын талап, ат шабыс ережелері үйретіледі. Тек атқа шабу ғана емес, жылқылардың селекциясы, ветеринария, яғни осы саланың толыққанды маманы болуға қажет білім толық беріледі. 
Жапонияда жокей мектебіне жылына 600-700 бала жазылады, бірақ оның алтауы ғана оқуға қабылданады.

 Қазақстанда да осы саланы дамытуға қызығып жүрген ынталы жастар бар. Алайда мәселенің барлығы қаржыға тіреледі. Өйткені біздің елде бәс тігуге заңмен тыйым салынған. Оның үстіне қаржы  қоры қажет. Оны көтеретін ешкім жоқ.

Bauyrzhan-M.3.jpeg

Германияның төрт дүркін чемпионы болдым


Өзім Чехиядағы мектепте үш жыл оқып, жокей лицензиясын алдым. Бірақ бапкерім жокей болғанымды қаламай, көп мүмкіндік бермеді. Өзінің көмекшісі болғанымды қалап, қара жұмыс істеткісі келді. Бірақ берілмедім, жарысқа қатысуды ұйғардым.


2013, 2014, 2015 жылдары Чехия чемпионы атандым. Негізі төрт мәрте жеңімпаз атанар едім, бірақ ол чемпионатта екінші ұпайым жетпей қалды. Одан бөлек, жокейшілердің Еуропа чемпионатында бақ сынадым. Қазақстан атынан қатысуға рұқсат алған мен 2016 және 2018 жылдары сол сайыста чемпион атандым. Бұл жарыстардан бөлек, дербиде топ жардым. 


Уақыт өте Германияға көштім. Бірінші жылы 46 жарыста ұтып, чемпионатта он үшінші орынға тұрақтадым.  Содан соң төрт жыл қатарынан чемпион атанып, жыл соңында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілдім. 2022 жылы Гамбургте өткен дербиде бірінші орынды иелендім.


Германия чемпионатын ұтып алған жеңімпаз Жапонияға жолдама алатынын айта кетейін. Жапонияда да жолда қалмадым, 21 бәйгеде топ жардым. Осында жүргенімде француз бапкер ұсыныс айтты. Францияда қомақты қаржы қаралатынын ескеріп, осы елге көштім. Мұнда бір жылға 280 млн еуро тігілсе, ал Германиядағы жылдық жүлде 14 млн еуроны құрайды. Бұдан бөлек, Германияда бәйге тек сенбі, жексенбіде ғана өтсе, Францияда күн құрғатпай жарыс өткізеді. Бәсеке бар жерде өсу бар. Сондықтан әзір осы елге тұрақтап отырмын.

Аш миллионер де болады


Жокей болу қалтаны қампайтқанмен, талабы соған сай. Жанкештілікті қажет ететін спорт күніне бір алмаға қанағат тұтуды үйретті. Күніне алты бәйгеге қатысамын. 


Ал салмақ тастау үшін тәулігіне 10 шақырым жүгіремін. Қазір  55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін, сол үшін рационымда нан атымен жоқ. Үш мезгіл тамақ ішпеймін. Калорийі аз тағамды місе тұтамын. 


Бұған қоса уақытымның көп бөлігі жолда өтеді. Кейде ұшаққа билет болмаса көлікпен жарыс болатын жерге тартып отырамын. Шамамен жылына 100 мың шақырымды артқа тастайды екенмін. Бұған қоса менің жоспарымды құратын агентім бар. 


Бәйге  адреналин әкеледі. Сексен мың адам тесіле қарап тұрған кезде мәре сызығын бірінші болып кескендегі атмосфераны, сол кездегі эмоциямды ештеңе сипаттай алмайды.

640efbbd88d07845680020.jpg

Қазақтар шабандозды малшыға теңейді


Бір ғана мысал, өзге елдерде жылқыға деген көзқарас басқаша. Жылқы малына бізден он есе артық қарайды.. Арнайы мамандар жиырма төрт сағат қас-қабағын бағады. Әр қорада бақылау камералары бар.


Ал, елдегі жағдай белгілі. Біздегі ат спорты көзіңе жас келетін дәрежеде. Бәйгелер бар, онда 3-4 сынып оқитын балаларды бәйгеге шаптырады. Оған ат иелері 5-10 тиынын беріп баланы атқа елітіп, қызықтырады. Бала 3-4 жыл бәйгеге шабады. Содан кейін салмағы өсіп кетеді. Соның арасында мектебі жайына қалады. 15-16 жасқа келгенде ол бала ешкімге керек болмай қалады. Бірен-саран бала аламан бәйге жаттықтырушысы болады, бірақ болашағы жоқ. Тағы бір айтқым келетіні, біздегі бәйге өтетін алаңқайлардың жағдайы мәз емес. Тесік-шұқыры көп алаңға екі жағына жалаушалар қойып, жарыстырады. Аянышты… Менің Қазақстаннан кетіп қалған себебім сол.


Оның үстіне бұл ең әділ спорт екенін, маңызын жоғалтпайтынын білемін. Ат спорты Англия, Франция, Жапония экономикасына пайда әкеліп отыр. Ол елдің байлары жиған-тергенін банкте сақтағаннан гөрі ат сатып алуды құп көреді. Оның үстіне мұнда жылқылардың селекциясына баса мән беріледі. Күллі әлем ағылшын тұқымдас жылқыны ғана жарысқа қатыстырады. Одан жүйрік жылқы жоқ. Қазақ, араб аттары ағылшын тұқымдастарды басып оза алмайды. 


Қазақстан бұл мәселеде  артта қалған әлдеқашан. Мәселен, Еуропада бұл спорт түрін қаржыландыру  жолға қойылған. Мұнда букмекерлік компаниялар арқылы бәс тігуге заң жүзінде рұқсат етілген. Әлемнің қай түкпірінде отырсаңыз да интернет арқылы ойынға бәс тіге аласыз. Ал, осы букмекерлерден түскен қаржы келесі ойынды қаржыландыруда көмек. Сонымен қатар әр сайыста демеушілер болады. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында үкімет те қаржы бөледі. Өйткені ат спорты саласының өзі қаншама адамға жұмыс беріп отыр. 


Ал біздікілер әлі шабандозды малшыға теңейді. Бәйгені қабылдамайды. Дегенмен шабандоздың табысы футболшыдан кем емес. 

М.СНАДИН

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: