Жыл басынан бері вирустың 79 жағдайы тіркелген. Нақты айтқанда, қаңтар-мамыр аралығында аймақта 76 адамнан COVID-19 жұқтыру дерегі анықталса, мамыр айынан бастап тамызға дейін коронавируске шалдығудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ.
Секвенирлеу нәтижесінде Қазақстанда соңғы кезде тіркеліп жатқан короновирус инфекциясының омикрон штамының түрлі нұсқалары екендігі анықталды және ағымы көп жағдайда жеңіл түрде өтіп жатқандығы байқалады,- дейді мамандар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков пен Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында вирустың алдын алу шаралары бойынша тың деректерімен бөлісті.
– Қазіргі уақыт тұмаудың белең алатын уақыты десек болады. Күннің күрт суып кетуі, қайта жылуы ең басты фактор. Сондықтан Денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы дайын. Тиісті қорғаныш құралдары, маскалар, аппараттар барлығы дерлік бар. Біз пандемияны басымыздан өткерген халықпыз. Барлық тиісті жұмыстарымыз дайындалған. Құрметті тұрғындар! Егер осындай тұмаудың белгілері бар болатын болса, үй жағдайының жедел-жәрдем қызметін шақырып, болмаса емхана дәрігерін шақырып көрінгендеріңіз дұрыс. Мүмкіндік болса, халық көп шоғырланған жерлерге бармауларыңызды сұраймыз. Себебі вирустың жұғу процессі күрделеніп кетуі ықтимал,- деді Олжас Ермекұлы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады.
– Осы мақсатта тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету бағытында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 85004 доза вакцина алынатын болады. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады. Бұл тұмаудың штамдарына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет,- деді Әлия Мүтәліпқызы.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz