Сейсенбі, 30 сәуiр, 20:59

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Оқитын ұлт барда қазақ баспасөзі мәңгі жасай береді

16.04.2024

78

0

Оқитын ұлт барда қазақ баспасөзі мәңгі жасай береді
Фото: Нұрболат Нұржаубай

15 сәуір күнінің ұлт тарихында орны бөлек. 1925 жылдың 15 сәуірі ұлт атауын қайтарған әрі Ақмешітті Қызылорда деп атаған съезд басталған күн ретінде тарихтан белгілі. Сондай-ақ кейінгі жылдары бұл күн «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтар күні ретінде аталып жүр. Ал Сыр журналистикасының тарихында бұл күн аймақта тәуелсіз газеттің алғашқы қарлығашындай болып келген «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққан күні. Оқырман қолына тиген күннен бастап ұлттың үні болған басылымның жарыққа шыққанына биыл 30 жыл толып отыр.

Ұлт жанашыры болған Әділхан Бәймен, Аманжол Сақыпұлы, Дүйсенбек Аяшұлы секілді ағалар іргесін қалаған «Ақмешіт апталығы» газеті осы жылдар ішінде биік белесті бағындырып, өмірдің талай бұралаң жолдарынан сүрінбей өтіп оқырманға жақсы дүние ұсынып келеді. Басылымның 30 жыл ішіндегі тарихы бұған дейін де жа­зылып жүр, оны бүгін қайталағымыз жоқ.

Газет туралы айта бастасақ әрдайым алдымыздан көлденең шыға келетіні – «Газет оқыла ма?» деген жаттанды сұрақ. Жаттанды болса да, көкейтесті. Әрине, технократтар ғасырында әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтың өзі алақандағы смартфонда сайрап тұр. Жаңалық желдей ескен заманда «қайтсек те газет оқуымыз керек» деп кері тартып отыра алмайтынымыз тағы белгілі. Енді қайтпек керек. Бүгінгі баспасөзге де уақыт жылдамдығына ілесу қажет. Жаңа технологияны газет өндірісіне, жаңа­лық таратуда тиімді пайдалана алсақ, ұт­қанымыз. Соңғы жылдары «конвергентті журналистика» ұғымы жиі айтылып жүр. Яғни оқырман, тыңдарман, көрерменнің ыңғайына қарай медианың өзара бірігуі – уақыт талабы. Расында, газет тілшісінің бір апта бойы ізденіп, зерттеп жазған көлдей сараптамасын газетке жариялап қоюмен іс бітпейді. Әрі қарай сапалы өнімді оқырманға ұсына білу керек. Ал оқырманның басым бөлігі қазір әлеуметтік желілерде отыр. Демек, газетті оқытуға мүмкіндік бар. Қызықты мақала дайындауда түсірген видео­ны немесе сұхбаттың үзіндісін әлеуметтік желіге жүктеу арқылы газетке оқырман тарта білу,  басылымды оқуға қызықтыра білу журналистің бір шеберлігі. Яғни конвергентті журналистиканың негізі мақсаты да осы. Бұл орайда «Ақмешіт апталығы» газеті уақыт талабына ілесіп келеді. Бүгінде кез келген оқырман газеттегі мақаланы оқи отырып, қолындағы смартфонына QR кодты сканерлеу арқылы видеоны тамашалай алады. Сондай-ақ инстаграм әлеуметтік желісінде отырған оқырман сілтемеге өту арқылы газет сайтындағы мақалаларды оқи алады. Ең бастысы, жаңалықты жылдам әрі сапалы ұсыну. Оқырман үшін аудиторияны бос қалдырмау, сапалы да, шынайы ақпарат оқудың жолын нұсқау. Әрі қарай таңдау талғампаз оқырманның өз еркінде. Бүгінде «Ақмешіт апталығының» инстаграм желі­сіндегі парақшасына жазылушылар саны 100 мыңнан асуы баспасөздің жаңа технологияны пайда­ланып, оқырман сұранысына сай жұмыс істеуінің бір нәтижесі. Газеттің мерейлі жылындағы оқырманға ұсынған тағы бір жаңа­лығы – жасанды интеллектің мақала жазуы. Бүгінді жасанды интеллект ар­қылы хабар дайындауға қызығушылық артқан сәтте газет оқырмандары үшін жаңа технологияның игілігін көрсетуге ұмтылдық. Сөзімізді түйіндей келе, «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымы уысымызда ұстап тұра алмайтын уақыт көшінен қалмауға тырысып, газеттің өміршең болуына аянбай еңбек ете береміз дегіміз келеді. Ал оқуға құштар оқырман барда газет мәңгі жасай береді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Тағы да оқыңыз: