Сенбі, 22 тамыз, 10:55

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Журналистік қызметтегі заңдылық пен жауапкершілік – басты қағида

21.08.2026

19

0

whatsapp image 2026 08 21 at 10.23.53

«Сыр медиа» ЖШС әкімшілік және ұйымдастыру бөлімінің басшысы, комплаенс-офицер Б.Шайхназаров мекеме қызметкерлеріне, оның ішінде журналистер мен шығармашылық қызметкерлерге арналған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесудің негізгі мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби қызмет барысында заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, журналистік этика нормаларын түсіндіру және ақпарат таратудағы жауапкершілікті арттыру болды.

Түсіндіру барысында қазіргі ақпараттық кеңістікте журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түскені атап өтілді. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір қалыптастыруда маңызды рөл атқаратындықтан, әрбір жарияланған материалдың мазмұны заң талаптарына, кәсіби этика қағидаттарына және объективтілік ұстанымдарына сай болуы қажет екендігі айтылды.

Кездесуде журналистік материалдарды әзірлеу барысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Масс-медиа туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алу қажеттігі түсіндірілді.

Әсіресе, материал дайындау кезінде ұлтаралық, дінаралық немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған пікірлер мен мәліметтерді жариялауға жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан – түрлі этнос өкілдері мен мәдениеттер татулықта өмір сүріп жатқан мемлекет болғандықтан, журналистердің әрбір сөзі мен жариялаған ақпараты қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталуы тиіс екендігі айтылды.

Сонымен қатар, журналистік қызметте бопсалау әрекеттеріне, жеке немесе заңды тұлғалардан қандай да бір пайда табу мақсатында ақпаратты қысым көрсету құралы ретінде пайдалануға мүлдем жол берілмейтіні түсіндірілді. Мұндай әрекеттер заң талаптарына қайшы келетіндігі және бұқаралық ақпарат құралдарының беделіне нұқсан келтіретіні атап өтілді.

Кездесу барысында ақпараттың шынайылығы мен нақтылығын қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен сөз болды. Журналистерге кез келген ақпаратты жарияламас бұрын оның дұрыстығын бірнеше дереккөз арқылы тексеру, ресми органдардың мәліметтеріне сүйену, фактілерді нақтылау және жалған ақпараттың таралуына жол бермеу жөнінде түсініктемелер берілді. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет ресурстарында таралған мәліметтердің барлығы бірдей сенімді бола бермейтіндігі, сондықтан ақпаратты тексеру журналистің басты міндеттерінің бірі екендігі атап көрсетілді.

Сондай-ақ, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, жеке өмірге қол сұқпау, этикалық нормаларды сақтау және ақпаратты жариялау кезінде қоғамдық мүдде мен заң талаптарының арасындағы тепе-теңдікті ұстану мәселелері қозғалды. Журналистік қызметтің негізгі қағидаттары саналатын әділдік, бейтараптық, объективтілік және жауапкершілік ұғымдарының маңызы түсіндірілді.

Жиын қорытындысында Б.Шайхназаров қызметкерлерді кәсіби міндеттерін атқару барысында заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамға шынайы әрі сапалы ақпарат ұсынуға, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру ісіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Аталған түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Оның басты мақсаты – «Сыр медиа» ЖШС ұжымында заңдылық пен кәсіби әдеп қағидаттарын нығайту, журналистердің құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындарға сенімді, объективті ақпарат жеткізу мәдениетін қалыптастыру.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика