Сәрсенбі, 29 мамыр, 02:09

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада Ернияз Омаровтың бюсті ашылды

08.11.2023

284

0

erniaz_omarov_bust

Бүгін Сыр өңірінде танымал дәрігер, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Ернияз Омаровтың бюсті ашылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев медицина майталманының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесін атап өтіп, бүгінгі бюст-ескерткіш Сыр өңіріндегі медицина саласында еңбек ететін барша мамандарға деген құрметтің белгісі екенін айтты.

«Антына адал болған Ернияз Омарұлы аймақтың денсаулық сақтау саласының атасы атанды. Еңбек жолын Тереңөзектегі «Арысқұм» жайлауындағы малшылар қонысында фельдшер болып бастап, медициналық бекет меңгерушісі, облыстық ауруханада хирург, емхана меңгерушісі, қалалық, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің, басқарманың меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ауласына бюсті қойылған осы қалалық көпбейінді аурухананың, 5 аудандық, 7 ауылдық аурухана мен 20-дан астам ауылдық дәрігерлік емхананың ашылуына еңбек сіңірді. Қызметтің қай сатысында жүрсе де, дәрігерлік міндетін мүлтіксіз орындады. Елу жылдық еңбек жолында он мыңға жуық ота жасап, талай науқасты ажалдан арашалап қалған. Әсіресе балаларды емдеуге баса мән берген. Көп жылғы тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, медицина ғылымдарының кандидаты атанған. Зейнетке шықса да, дәрігерлік қызметін жалғастырып, жас мамандарға білгенін үйретіп, тәрбиеледі», – деді аймақ басшысы.

Абзал азаматтың медицина саласындағы еңбегі лайықты бағаланып «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген дәрігер» құрметті атағымен, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы атақтары берілген. «Өмір белестері», «Ажалға араша», «Сыр медицинасы» кітаптарының авторы.

Салтанатты шарада ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрғанбай Маханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Ернияз Омарұлының жұбайы Хадиша Омарова жерлестерін құттықтап, игі тілектерін арнады.

Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: