Бейсенбі, 28 мамыр, 22:14

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада испандық «Roca Group» зауытының іргетасы қаланды

28.05.2026

12

0

708015887 1290192256635349 497839482613195314 n
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Қызылордада әлемге әйгілі испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық жабдықтар зауытының іргетасы қаланды, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испания елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

«Roca Group» – жүз жылдан астам тарихы бар, сантехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнімдері 170-тен астам елге экспортталады.

Рәсімде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және заманауи өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталып, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын атап өтті.

710613569 1290192273302014 8659278238782903811 n

«Мемлекет басшысы «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асуда. Аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгін біз еліміз үшін маңызды, жоғары технологиялық өндіріс орнының капсуласын салу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Осындай ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық «Roca Group» компаниясына ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен әрдайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

707247626 1290192299968678 8921486465131713322 n
710461238 1290192396635335 5082527425506058163 n

Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен «Roca Group» серіктестігінің бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес сөз сөйлеп, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев ақ батасын берді.

709426456 1290192319968676 6742875368596387958 n

Айта кету керек, жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.

«Roca Group» компаниясының зауытын Қызылорда өңірінде салу туралы келісім облысты Нұрлыбек Нәлібаев басқарған кезеңде жасалып, Үкімет деңгейінде тиісті құжаттарға қол қойылған болатын.

Бұл – Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын алғашқы өндіріс орны.

Зауытқа 24 гектар жер телімі бөлінді, 44,1 млрд теңге инвестиция салынады. Жылдық өндірістік қуаты 500 мың бұйымға дейін жетеді. Өндірілген өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталады.

Сонымен қатар 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, жергілікті мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру көзделген. Компания жыл соңына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелерді құрастыратын өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал компания өнімдері ұсынылатын шоурумдар Астана және Алматы қалаларында маусым айында ашылады.

default

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика