Сенбі, 27 сәуiр, 13:22

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылорда қаласында алғаш рет көкпардан чемпионат өтпек

22.03.2024

108

0

Қызылорда қаласында алғаш рет көкпардан чемпионат өтпек
Фото: qamshy.kz

Биыл 8-15 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Оған 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Елімізде бұл спорттық шараға дайындық қызу екені белгілі. Ал облыстан кімдер қатысады, спортшылар қалай жаттығуда? Мұны білмек үшін ұлттық ат спорты түрлерінің облыстағы жетекшісі Исламхан Боранбаевпен әңгімелестік.

– Түркі әлемі көз тіккен көшпенділер ойынына іріктеу қалай жүргізілуде? Қызылорда облысының спортшылары қандай спорт түрінен қатысады?

– Көшпенділер ойынына қатысатын спортшылар ҚР Ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығының бекіткен ережесіне сәйкес үздік спортшылардың ішінен іріктелуде. Қазір Астанадағы Ұлттық ат спорты түрлері орталығы бұл жұмыстармен айналысуда. Көкпарда бір құрамада 12 шабандоз өнер көрсетеді. Аймақтардан жиналған 36 спортшының ішінен сайдың тасындай мықтылары таңдалып, бір командаға жиналады. Өткен жылы жақсы нәтиже көрсеткен Қызылорда облысының 6 спортшысы әзірге оқу-жаттығу жиынына қатысуда. Осы кезге дейін көкпардан ұлттық құраманы Қуанышбек Құрамаев жаттықтырса, қазір Түркістан облысының тумасы Ақылбай Макеев атқаруда. Ал аударыспақ бойынша әр салмақтан 3 спортшыдан таңдалды. Оқу-жаттығу жиынында бақ сынап, өзара іріктелуде. Біздің облыстан осы спорт түрі бойынша 2 жігіт ересектер құрамасында өнер көрсетуі мүмкін. Жамбы атуға келсек, облыс құрамасын жаттықтырып жүрген Ғалымжан Өміртай ересектер сапында, оның екі оқушысы жастар құрамасында бақ сынайды. Теңге алу бойынша көшпенділер ойынына облыстан ешкім қатыспайды. Себебі теңге ілушілеріміз республикада былтыр үшінші, төртінші орыннан көрінген болатын.

– Ұлттық ат спортын дамыту үшін мемлекеттен қолдау бар ма? Облыста осы салаға қатысты мамандар қайда жаттығады?

– Ұлттық ат спорты қауымдастығы және ұлттық ат спорты орталығы жарыстарды ұйымдастырумен айналысады, бірақ қаржылық жағынан немесе ат жарату бойынша көмектеспейді. Тек ойынның өткізілу тәртібі мен ережелерін қадағалайды. Әр облыста осы салаға жауапты басқармалар бар. Өңірдегі денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы өзге аймаққа іс-сапарға шығатын болсақ, қаржылық жағынан қолдау көрсетеді. Жаңақорған ауданында №7 балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық спорт мектебі бар. Мектепте ұлттық спорт түрлері – көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу бойынша спортшыларды жаттықтырып, жарыстарға қатысудамыз.

Айта кетерлігі, Қызылорда қаласында 2024 жылы көкпардан ересектер арасындағы чемпионат өтеді. Жалпы көкпарға қатысатын шабандоздар үш категорияға бөлініп жаттығады. Атап айтсақ, 14-17 жасқа дейінгілер жасөспірімдер, 17-21 жас аралығындағылар жастар санаты бойынша, 21 жастан кейін спортшылар ересектер арасындағы көкпарға қатысады.

Дүбірлі дода Қызылордада алғаш рет өткелі тұр. Осыған дейін жасөсіпірімдер және жастар санаты бойынша Жаңақорған ауданында бес рет ҚР чемпионатын қабылдаған едік.

– Алғаш рет елімізде өтетін көшпенділер ойынының ерекшелігі неде? Осы жолы арқан тартыс сынды ұлттық ойындарымыз да бағдарламада бар екен…

– Қырғызстан Республикасында Бүкіләлемдік көшпенділер ойыны үш мәрте ұйымдастырылды. Алғашқы ойын 2014 жылы өтіп, оған 18 елден 300-ге жуық спортшы қатысқан болатын. Екінші ойын 2016 жылы ұйымдастырылып, 53 елден мыңнан аса спортшы қатысты.

Үшінші көшпенділер ойыны да 2018 жылы Қырғызстанда Шолпан ата қаласында өтті. Бұдан кейін төртінші ойындарды өткізу құқығын 2022 жылы Түркия алып, жарысты Изник қаласында ұйымдастырды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Көшпенділер ойынының авторы қырғыздар десек болады, сондықтан ұлттық ойындарға көбінесе қырғыздардың ережесі енгізілген. Сондай-ақ өзбектердің, моңғол, татарлардың да ережесін байқауға болады. Көшпенділер ойынының бағдарламасында алыш, кураш секілді өзге ұлт ойындары, ат үстінде садақ ату, яғни біздің жамбы атуымыз, кәдімгі садақ ату, арқан тартыс сынды бірқатар спорт түрі бар.

– Көшпенділер ойынының маңыздылығына тоқталсақ…

– Байрақты бәсекеде әр мемлекет атадан балаға мирас болған этноспорт түрлерін жоғары деңгейде танытуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септесіп, ынтымақтастығын арттырады. Батырларымыз ұлы даланы дүбірге бөлеп, ат үстінде күн-түн демей ел қорғаса, Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Мәди сынды палуан, сал-серілеріміз ұлттық құндылығымызды бізге жеткізді. Біздің бар мәдениетіміз ат үстінде. Жылқы мен қазақты бөліп жаруға болмайды. Сондықтан көшпенділер ойынының күллі қазақ үшін маңызы зор деп білемін.

– Сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: