Сейсенбі, 27 ақпан, 22:58

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Туған елге тағзым» өңірдің тарихи, мәдени және инновациялық дамуын зерттеуге мүмкіндік берді

01.07.2023

174

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экпедициясы аясында Қызылорда облысының  көне тарихқа толы насандарды аралап, жергілікті ескерткіштермен танысты.

Дәстүрлі оқушылар экспедициясына қатысу 2022-2023 оқу жылында академиялық, қоғамдық және әлеуметтік бағытта жоғары нәтижелермен ерекшеленген «Алаш» шаңырағының білім алушыларына бұйырды. Ең алдымен экспедициялық топ Ақ орданың астанасы болған, ортағасырлық қалалардың бірі – Сауран қалашығына барып,  қайта қалпына келтірілген көне үйлерді, мешітті көзбен көрді. Сонымен қатар Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, зерттеу жұмыстарына бағыт бағдар алды.

Экспедицияның келесі күнінде оқушылар Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі Сығанақ қалашығында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жас зияткерлер Қыпшақ хандығы мен Ақ Орданың астанасы болған ортағасырлық көне қала сақталған ғимаратта сол заманда қоныстанған тайпалар туралы ақпарат алды.

«Құм жұтқан тарихи орында табылған заттар мен бұйымдар Сығанақтың ірі сауда орындарының бірі болғанын байқатады. Экскурсия барысында керамикалық тұрмыстық заттар мен бөлшектерін тауып, қызықты деректер жинақтадық. Бізді алаңдатқан жайт – ол  тарихи маңызға ие қаланың қорғалмағандығы, қаланы қалпына келтіру жұмыстары тоқтап тұр,  барлық табылған құмыралар мен ыдыстарды музейге өткізген абзал. Себебі әрбір жәдігер – ол ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Жерден қазылып алынбаған үлкен құмыралар мен ыдыстарды да байқадық», — дейді жас ғалым Нұрдаулет  Әділбек.  

Сондай-ақ, Шиелі аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен Нартай Бекежанов атындағы мемориалдық өнер мұражайында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелері туралы ақапараттармен танысты.

Қармақшы ауданында оқушылар эспедициясы Қорқыт Ата кешенінде болып, оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан, ойшыл, жырау, қобызшы туралы білімдерін толықтырды. Сәулет өнерінің айрықша үлгіде салынған Қорқыт Ата ескерткіші 10 метрге жуық биіктікті қамтиды және төрт тік стеладан тұрады. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін суреттейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады екен. Амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбльмен көркейтілген ескерткіш аумағын аралаған жас зерттеушілер 2 мыңнан астам жәдігер қойылған арнайы мұражайда болып, Қорқыт өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер алды.

Экскурсия барысында оқушылар «Dalatex» киім тігу фабрикасында, «Абзал и К» күріш өндеу зауытында, «Абай-Дәулет» шаруашылығында және наубайхана мен ас тұзын өндіріс орындарында болып, кәсіби бағыт-бағдар алды.  

«Бұл туған өлкені танудағы ең қызықты әрі маңызды патриоттық жобалардың бірі. Біз аймақтың тарихи-мәдени және инновациялық дамуын зерттеуге мүмкіндік алдық. ТЕТ дүниетанымымызды кеңейтіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани азық сыйлады», – дейді экспедицияға қатысушы Мади Имамадин.

Тағы да оқыңыз: