Сенбі, 27 сәуiр, 15:14

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Наурыз: дәстүр мен жаңашылдық

23.03.2024

139

0

Наурыз: дәстүр мен жаңашылдық

Биыл Наурыз мерекесін тойлаудың 10 күндік  жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес, әр күннің маңызы айшықталып, 14 наурыздан бастап жер-жерде түрлі шаралар өтуде. Ұлыстың ұлы күнін Сыр өңірі де ерекше атап өтті.

Қызылорда. Наурызнаманың он күндігінде салт-санамызды, дәстүрімізді жаңғыртуға бағытталған шаралар қала аумағында, кент және ауылдық округтерде кеңінен аталып өтілуде.

«Ынтымақ» күнінде тұрғындар Тараз көшесінің бойында «Армысың, әз Наурыз!» атты мәдени-көпшілік шараны тамашалады. Елдің бірлігі мен берекесін білдірген мейрам халық күткендей сән-салтанатқа ие болды. Қала әкімі Серік Қожаниязов  тұрғындарды мерекемен құттықтады.

− Ежелден келе жатқан әз Наурыз ұлық мерекеміз биылғы жылы ерекше аталып өтілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен жоспарланған «Наурызнама» қайта жаңғырып, ұлы даламызда ұлттық дәстүріміз салтанат құруда. 14 наурызда Көрісу күні – Амал мерекесімен басталған бұл шараның әрбір күні арнайы атаумен аталып, бүгін мерекенің шырайын шығарып, шаттыққа кенелткен «Ынтымақ күні» ретінде аталып өтілуде. Қазақтың әдет-ғұрпына әлемнің көптеген ұлттары мен ұлыстары қызыға қарайды. Ұлттық салт-дәстүрді сыйлау, болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу – біздің қасиетті парызымыз, − деді Серік Салауатұлы.

Наурыз тойының сәнін келтіріп, қазақы үй тігіп, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар мекеме және оқу орындары қала әкімінің марапатын алды.

Мерекелік шарада Наурыз нақыштары, ұлттық салт-дәстүріміз жан-жақты насихатталып, Сыр сүлейлерінің шығармалары орындалды. Қала тұрғындары дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Әл-Фараби Бекарысұлы, Үміт Медеуова, «Алатау серілері»  этно-фольклорлық ансамблі, Жанболат пен Жазираның өнеріне сүйсіне қол соқты.

Арал. Әз Наурыз мерекесі аудан орталығы, кент пен барлық ауылдық округтерде жоғары деңгейде тойланды. Аудан әкімі А.Оңғарбаев пен мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме басшылары думанды күндерде халықпен бірге болды. 

Аманжол Сақыпұлы  «Жақсықылыш» кентіне барып, кент халқын мерекемен құттықтады. Дүбірлі тойда абыз ақсақал Баймырза Жұбаниязов пен «Аралтұз» АҚ-ның зауыт директоры Айдос Қанағатұлы сөз алып, бірлігі жарасқан берекелі ел болашағының әлі де жарқырай түсуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ шара барысында «Аралтұз» АҚ мекемесіндегі тұзшылар қауымына аймақ басшысының мерекелік құттықтауы табысталды.

Мерекелік көпшілік шарада қазақы салт-дәстүрлерден сахналық қойылымдар көрсетілді. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, наурызкөже таратылды. Сонымен бірге, тұрғындар арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Қазалы. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін қазалылықтар да ерекше атап өтті. Жұртшылық орталық алаңға ерте бастан жиналып, бауырсақ пен наурызкөжеден дәм татты. Түрлі тақырыптағы киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорттан жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ  өнерпаздар көрініс қойып, ән шырқап, би биледі.

Мерекелік шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет арнайы барып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар Қазалы қаласының өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен ұжымдарды Алғыс хатпен марапаттап, шынайы ризашылығын жеткізді.

Шара барысында аудан әкімі мен бірқатар зиялы қауым өкілдері және ардагерлер кішкентай бүлдіршіндердің тұсау кесу рәсіміне қатысып, оларға ақ жол тіледі. Ұлыстың ұлы күніне арналған салтанат соңы қала өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кету керек, мерекеде аудан жастары Қазалы теміржол вокзалындағы жолаушылар мен теміржол қызметкерлерін айрықша салтанатпен қарсы алып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Жолаушылар жастар ұсынған ыстық наурызкөже, бауырсақ пен шұбаттан дәм татты.

Қармақшы. Қармақшы ауданында өткен  «Әз Наурыз – игіліктер бастауы» атты мерекелік шараға  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Жосалы кентінің орталық алаңында ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі қойылып, ұлттық ойындар насихатталды.

Аймақ басшысы жиналған қауымды, ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, Қармақшы ауданының дамуына үлес қосқан белсенді азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Шарада қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов, Бекмырза Еламанов  та сөз алып, аудан халқына игі тілектерін жеткізді.

Жалағаш. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов Мәдениет ауылдық округінде өткен «Әз Наурыз» салтанатты шарасына қатысып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ауыл ардагерлеріне облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының алғыс хатын табыстап, мерекелік құттықтауын жеткізді.

Мерейлі мерекеде  ауыл өнерпаздары көрермендерге ән мен жырдан шашу шашып, тұрғындарға наурызкөже ұсынылды. Ауылдың талантты қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті.

Сырдария. Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесіне орай Тереңөзек кентіндегі орталық алаңда аудан өнерпаздарының қатысуымен «Армысың, Әз Наурыз» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде айтыскер ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы, Сырдария ауданының құрметті азаматы Замаддин Ибадуллаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Заманның заңғары – Замаддин» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Айта кету керек, «Бесарық ауылында»  өткен «Әз Наурыз – игіліктер бастауы» атты мерекелік шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысқан болатын. Онда аймақ басшысы жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады. Қазақтың дәстүріне сай «Ат қою», «Тұсаукесер», «Селт еткізер» рәсімдері өткізіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Шиелі.  Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі М.Шоқай атындағы орталық алаңында бастау алды. Көпшілікке жергілікті өнерпаздар театрландырылған қойылым, мерекелік концерт, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан көріністер ұсынды. Ұлттық ойын түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырды.

Наурыз мейрамы қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, «Бестам», «Телікөл» ауылдық округтеріне газ қосу рәсіміне қатысқан болатын. Ауыл тұрғындарын  қос қуанышпен құттықтады. Онан соң «Телікөл» ауылдық округіндегі «Наурыз. Қазақстан. Жаңару!» атты мерекелік іс- шараға қатысып, көңілді сайыстар мен жергілікті өнерпаздардың ән шашуын тамашалады.

Жаңақорған. Әз Наурыз мейрамы барлық ауылдық округтерде салтанат құрды.

Ұлыс күні ерекше дайындықпен, керемет көңіл-күйде «Наурыз – көктем шуағы!» атты мәдени-көпшілік шара өтті.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов арнайы қатысып, жиналған көпшілік қауымды мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарға облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етті.

Театрландырылған қойылыммен басталған мерекелік шарада қазақтың әдет-ғұрыпы дәріптеліп, «Тұсаукесер», «Сырға салу» секілді ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсетілді. Қолөнер шеберлерінің көрмесі,  алтыбақан,  киіз үйлер, бәрі-бәрі мерекелік салатант әрін келтірді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз: