Жұма, 11 қазан, 17:44

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Төребайлық кәсіпкер биогумус өндіруде

26.07.2023

217

0

Қармақшы ауданының орталығынан 25 шақырымда орналасқан, іргетасы 1965 жылы қаланған Жосалы ауылдық округінің, яғни Төребай би ауылының тұрғындары бүгінде заман талабына сай өмір сүруде. Олардың  негізгі кәсібі бақша және мал шаруашылығы.

Талай дарын иелеріне құтты атамекен атанған ауылдың алғашқы қазығын қағып, оны ұзақ жыл Орныққан Қазиевтен кейін ауылда Жақсылық Жалғасбаев, Серік Төлегенов, Нұраддин Ермеков, Ашабек Қисықов сынды азаматтар басқарса, Құндызай Жұбаева, Сарқытбай Ділмағамбетов, Нұрмаш Жолмырзаев, Жомарт Жалғасбаев, Мұрат Сеңгірбаев, Бүркіт Қалдашбаев, Сәрсенкүл Есқалиева сынды ел жақсылары ауылдық кеңес төрағасы, ауыл әкімі ретінде ел есінде қалды. Сонымен қатар, Мырзағали Кәрібаев, Әлиасқар Бекқадамов, Базаркүл Құлахметова, Света Жалғасбаева сынды ұлағатты ұстаздар ауыл мектебінде басшылық жасап, көптеген шәкірттердің қоғамнан өз орындарын алуға еңбек сіңірді.

Сонымен Төребай би ауылындағы сапарымызда бізге жол бастап, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырған әкімдіктің бас маманы Владимир Жалғасбаевтың бізге берген мәліметі бойынша бүгінгі күні осы елді мекен тұрғының саны 495 адамды құрайды екен. Оның ішінде, 112-сі тұрақты жұмыспен, 42 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған. Ауыл тұрғындарына мектеп, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пунк пен пошта өз бағыттары бойынша сапалы қызмет көрсетуде деді. Сондай-ақ, ауылды абаттандыру, көркейту көгалдандыру бағдарламасы бойынша және тұрғындардың аулалық бақшалығын аяқ сумен қамтамасыз етуде қаржы бөлініп, бұл жұмыстар «BS  LTD SERBVIS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жүзеге асырылуда екен. Сонымен бірге, ауылда «Шабан ата», «Дәуіт» және басқа да шаруа қожалықтары бірнеше азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосуда. Ал, мал шаруашылығын өркендетуде марқұм Бақытжан Қазиевтің, сонымен қатар, жас та болса ауылдың өркендеуіне үлесін қосып жүрген Шоқан Төлегеновтың есімін ауылдастары мақтанышпен атаса, бүгінде осы салада «Нұрмахан», «Әмила», «Алтынбай», «Әйгерім» және басқа да шаруа қожалықтары мал шаруашылығы саласы бойынша ілкімді істер атқаруда. 

Ауылдық округ бойынша жеке және заңды тұлғалардан жер, мүлік, көлік салықтар да өз дәрежесінде орындалған. Ал, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 3 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілсе, 3 отбасының 12 мүшесіне аталуы әлеуметтік көмек берілуде. 2 отбасыға отын түсірілсе, 1 тұрғын жұмыспен қамтылған. Ауыл кәсіпкерлері мен шаруашылықтар да аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларға әрдайым қолдау көрсетіп отырады.Ал, енді ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі, оның ішінде мал шаруашылығы саласы бойынша айтар болсақ, есепті кезеңде жеке тұрғындар есебінде мүйізді ірі қара малы – 825 бас, 459 бас қой, 617 бас ешкі, 191 бас жылқы, сонымен қатар 345 құс тіркелген.Ендігі кезекте егін шаруашылығына тоқталсақ, округте жоғарыда айтқандай, «Шабан ата», «Дәуіт» шаруа қожалықтары 170 гектарға күріш, 55 гектарға мақсары, 70 гектарға бақша, 22 гектарға көкөніс және 18 гектарға картоп егіп, оны баптауға алса, жеке тұрғындарда да биылғы жылы бақша егуге жоғары белсенділік танытып, олар 25 гектар егістік алқапқа түрлі бақша дақылын, 5 гектарға көкөніс, 10 гектарға картоп егіп, оны күтіп-баптауда. Осы жерде айта кетерлік жайт, жас кәсіпкер Дәурен Қалдашабев басшылық ететін «Дәуіт» шаруа қожалығы ауылдың 52 тұрғынына бақшалық жер дайындап берсе, осы бағытта бақша егуге ниет білдірген Жосалы кентінің 15 тұрғынына да қолдау көрсеткен. «Шабан ата» шаруа қожалығы да бақша егемін деп талаптанған Жосалы кентінің тұрғындарына да демеушілік жасаған.

Осы ретте, «Дәуіт» шаруа қожалығының құрылтайшысы, білікті сала маманы, көп жыл бойы ауыл әкімі қызметін атқарған Бүркіт Қалдашбаевпен кездесіп, ауылдың, оның ішінде шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып беруін сұрадық. Ол, «Төребай би ауылы менің туып-өскен ауылым. Осы ауылда өстім, саналы ғұмырымды өткізіп жатқан жайым бар. Отау құрып, өркен жайдым. Құдайға шүкір, соңғы жылдарда ауылымыз жаңа кейіпке еніп, гүлденуде. Заман ағымына сай балабақша ел игілігіне берілді. Өздеріңіз көргендей ауыл ортасынан балалар ойын алаңы салынып, жеткіншектеріміз мәз-мәйрам болуда. Көшелерімізге асфальт төселіп, түнгі жарық шамдар орнатылды. Мектебіміз де жаңа, балаларға ұстаздар сапалы білім беруде. Жаңа мешіт ауыл жамағатына діни сауаттылық арқылы дінді ұстануға қызмет көрсетуде. Ендігі жерде жаңадан клуб үйі салынса дейміз. Оның да күні алыс емес деген ойдамыз. Ал енді, өзім құрылтайшылық ететін «Дәуіт» шаруа қожалығына келсек, биылғы жылы шаруашылық 120 гектар егістікке Сыр салысын орналастырды. Сонымен бірге 50 гектарға орналастырылған көне жоңышқаның бірінші орымын орып, шаруашылық жұмысшыларына үлестіріп бердік. Біздің ауыл негізінен бақша дақылдарын егеді. Осы үрдісті біз де жалғастырып, 55 гектарға түрлі бақша дақылдары мен көкөніс, картоп егіп, оны күтіп-баптаудамыз. Құдайға шүкір, шығымы да жаман емес, «Балапанды күзде санайды» дегендей, тамыз айында бақша өнімдерінен, күзде күріштен жоғары өнім аламыз деген ниеттеміз. Оған азаматтарымыз да, техникамыз да сақадай сай тұр. Осы ретте, көптен ауылдастарымның көкейінде жүрген түйінді мәселелерді де айтып кетсем деймін. Атап айтқанда, ауыл аумағындағы кейбір шаруа қожалықтарының егістік жерлері заңдастырылса, аяқ су мәселесі шешілсе, аяқ суды үнемдеудің бірден бір көзі соны пайдаланушыларға субсидия төленсе, ауылды көркейтуге байланысты  инвестиция тартылса деген мәселелер жетерлік. Осыларға жоғары жақтағылар көбірек көңіл бөліп, оның шешілуіне жұмыс жасаса деген өтінішіміз де бар» деді ол.

Төребай би ауылында болған сапарымызда ауылдың көреюіне өзіндік үлесін қосып, құрметтілер қатарына көрініп жүрген кәсіпкерлерге де бас сұқтық. Осы жерде атап кетер жайт, бүгін ауылда тіркелген 30-дан астам өткен жылы кәсіпкерлік жобаларды іске асыру мақсатында «Жылқы өсіру» жобасымен 3 азамат «Мүйізді ірі қара» малын өсіру жобасымен 3 тұрғын қайтармысыз несие алып, кәсібін бастап кетсе, «Бизнестік жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы бойынша ауылдың 1 жеке кәсіпкері «Дүкенді тауар айналымы» жобасы аясында ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар басқа да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауылдың бірнеше тұрғыны түрлі кәсіпкерлік бағытында мемлекеттен өз үлесін алып, кәсіптерін жасауда. Мұндай жұмыстар биылғы жылы да іске асырылып, жалғасын таппақ.

Жұлдызайдың биогомус цехында

Төребай би ауылындағы тілшілік сапарымызда бізге жол бастау көрсетіп жүрген Вова Жақсылықұлы алдымен өткен жылы қайтарымсыз грант арқылы биогомус өндіріп жатқан Жұлдызай Серікбайқызының отбасына апарды. Жеке кәсіпкермен ауланың төрінде орналасқан шағын цехта баласымен бірге өндірген өнімін қаптарға салып, оны арнайы орынға жинап жатқан жерінен жолықтық.

Жинақы да шағын цехта жиналған дайын биогомус өнімдері мен арнайы қапқа салынған өнімдерді, сонымен қатар бақшалықта шөппен жабылған  құрттарды көрдік. Одан әрі Жұлдызай биогомустың бақша егушілерге үлкен пайдасы бар екенін айта келе, оның ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуіне де көп көмегі тиетінін жеткізді. Өнімдерін тек ауылдастары арасында ғана емес, көрші ауыл, аудандарда да бақша егушілердің үлкен сұранысында екенін айтты. Тіпті, тонналап та алып жатқанын тілге тиек етті.

«Негізі биогомус өсіру отбасылық кәсіп. Жаңылыспасам бастапқыда бұл кәсіпті аудан бойынша біздер қолға алып бастадық. Оны отбасымызбен 8 жылдан бері кәсіп етіп келеміз. Жолдасым Әбілда мен балам үшеуіміз кәсібімізді одан әрі дамыту мақсатында өткен жылы ауылдағы жұмыссыз тұрғындарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатындағы қайтарымсыз несие арқылы жоба қорғап, грант жеңіп алдық. Бүгінде сол қаржыға біршама құрал-жабдық сатып алып, кәсібімізді дамытып жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта бұл істі кеңейту жоспарда бар. Егер мемлекет тарапынан қолдау тапсақ» дейді кәсіпкер.

Шағын және орта кәсіпкерлік – бүгінгі күн мәселесі

Жалпы алғанда Төребай би ауылы тұрғындары арасында мал және бақша кәсібі жақсы дамыған. Ал, тауар айналымы, нақтысын айтқанда азық-түлік және басқа та тұрғындар күнделікті тұрмысқа қолданатын тауарлар бойынша осы ауылда Шынар Ідірісованың есімі мақтанышпен айтылады.Кеңес Одағы кезінде ауылдағы селолық кооперативте сатушы болып еңбек жолын бастаған жеке кәсіпкер Шынар Жақсылыққызы еліміз егемендік алғаннан соң да осы мекемеде ауыл тұрғындарына сауда саласында ұзақ жыл қызмет етті. Бірақ, еңбек еткен мекемесі  араға жылдар салып жабылып қалған соң, Шынар ойлана келе жеке кәсіпкер ретінде ауыл орталығынан шағын сауда орталығын ашып, ауылдастарына қызмет ете бастайды. Бұл 2004 жыл болатын. Осы аралықта жеке кәсіпкер жерлестерін өзі ашқан сауда-саттық дүкеніндегі күнделікті тұтынатын тауарларымен қамтамасыз етуді қолға алады. Сөйтіп ауылдастарын көптен мазалап жүрген мәселесінің шешілуін жүзеге асырған. Кәсіпкер ретінде де, ауыл жанашыры ретінде де Шынар Жақсылыққызы өзі мекендеген елінің өсіп-өркендеп, гүлденуіне үлгілі істерімен көрініп, ел құрметіне бөленуде. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға демеушілік жасау оны басты мінетім деп санайды. Ауылда өтетін қоғамдық жұмыстардың белсендісі ретінде Шынар Ідірісованың есімі де құрметпен аталады. 

«Жеке кәсіпкер ретінде алға қойған жоспарлар көп. Оның орындалуы алдағы жылдың несібесінде. Ауылдастарым өздеріне керекті тағамдарды мен арқылы тапсырыс беріп алдырады. Басты міндетім тұтынушылар талабын орындау. Тауарларымның да бағалары көңілге қонымды. Ауылдастарымды мүмкіндігінше ренжіткім келмейді. Қолдан келген көмегімді көрсетіп келемін. Жоспар да жоқ емес. Ауыл әкімдігі қызметкерлеріне алғысым шексіз. Олар әрдайым  кәсібімнің алға жылжуына қолдау көрсетуде. Жоба да жасауға көмектесіп жатыр. Алла қаласа алдағы уақытта кәсібімнің өрісін кеңейткім келеді», – дейді кәсіпкер.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика