Жұма, 11 қазан, 15:55

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордалық волонтерлердің үлесі зор

17.06.2024

182

0

Қызылордалық волонтерлердің үлесі зор
Фото: qazvolunteer.kz

Жомарттық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Осындай адамдардың бірігуі арқылы құралатын топтар елдің ыстық ықыласы үшін жұмыс істейді.

2019 жыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланды. 680-нен астам волонтерлық ұйым жұмыс істеп, ақжүрек жандар саны 200 мыңнан асты. Qazvolunteer. kz. платформа іске қосылып, бүгінде еліміздегі кез келген адам еріктілер қозғалысының қатысушысы бола отырып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Сонымен қатар қазақстандық волонтерлар ел аралап, әлемдік дәрежеде игі істердің куәгері болып жүргені көз қуантады. Қазақстанда беделді бірнеше еріктілер ұйымы бар, олар: «Ұлттық волонтерлік желі» ОЮЛ, «Қазақстандағы Қызылжарты ай», БҰҰ Қазақстандағы волонтерлік бағдарламасы» және де басқалары. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы ұйымдастырылған Халықаралық форумда волонтерлық ең алдымен елге деген патриоттық деген пікірді алға тартты.

– Волонтерлік – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлікпен айналысатынына сенімдімін, – дейді Мемлекет басшысы.

Сыр өңірі жақсылық пен мейірім мекені. Өткен жылы аймақта 2 мыңнан астам волонтер тіркелген. Бұған қоса, 30-ға жуық волонтерлік топ бар. Жылдан-жылға еріктілердің қатары көбейіп келеді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес.  Жыл басындағы ақпарат бойынша Қызылорда қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еріктілері Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК-мен ұйымдастырылған бюджеттік бағдарлама бойынша 3068 дана А4 форматты «Кеңсе жабдығына арналған қағазды» (бір данасы 3 500  теңгеден) барлығы 10 738 000 теңгеге, сонымен қатар «Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасы» 2 500 дана дәл осындай тауарды (бір данасы 3 800 теңгеден) барлығы 9 500 000 теңгеге сатып алу жоспарланғанын анықтады. Волонтерлердің бастамасы бойынша Департамент тиісті ұсынымдар енгізді, нәтижесінде аталған ұйымдар тауардың 2023 жылғы баға көрсеткішімен есептегенін және ағымдағы жылғы тауар бағасымен қайта жоспарланатыны жөнінде хабарлады. Осылайша, шамамен 10 млн теңге сомаға бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеген.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде де өтті. Акция аясында аумақтарды абаттандыру, ағаш отырғызу секілді жұмыстар белсенді жүргізілді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған экологиялық акцияға барлығы 191 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Акция кезінде өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» тақырыптарында бес кезең бойынша апталықтар ұйымдастырылды. Оған 222 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында 9 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылды, елді мекендердегі 505 сквер мен парк, 225 тарихи мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік, 1248 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 289 су объектісі, 27150 аула мен көше бойы тазартылды. Оған 500-ден астам техника жұмылдырылды. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, өңір климатына жерсінетін 129 358 түп қарағаш, терек және Сыр талының көшеті егілді. Облыста атқарылған жұмыстар туралы материалдар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Өткен жылы 1 млрд теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 29 техника табысталды. Биыл 436 млн теңге бөлініп, 19 арнайы техника сатып алынуда. Бұған қоса, облыс орталығы мен барлық ауданда жыл сайын «Үздік аула» конкурсын өткізу дәстүрге айналған.

Сондай-ақ, қызылордалық волонтер-мұғалімдер оралдық оқушыларға сабақ берді. Су тасқыны салдарынан сәуірде Батыс Қазақстан облысынан өңірге 100-ден аса оқушы демалысқа келген еді.  Олар Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына орналастырылған. Мекемеде балаларға барлық қажетті жағдай жасалып, офлайн оқу процесі, сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Мен БҚО, Қаратөбе ауданы, Аққозы ауданынан келдім. Біз осы күні «Қамбаш» лагеріне демалуға келдік. Демалыспен қатар сабақ өтіп жатырмыз. Алғаш келген күні танысу кеші өтіп, әр топ өз өнерін көрсетіп, бір-біріне тілегін білдірді. Бізге тәрбиеші апайлар қарайды және қосымша білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Достарымызбен бірге «Қамбаш» көліне экскурсия жасадық. Осы сапардың қызықты оқиғаларын жақындарымызбен бөлісетін боламыз. Қиын күндер артта қалса екен», — деген еді Алина есімді оқушы.

Волонтерлік – қоғамның дамуына, әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған топ. Бұл қызмет түрі адамның рухани дамуына, өмірлік тәжірибе жинап, жаңа мүмкіндіктер есігін ашуға септігінтигізері сөзсіз. Бұл іс балалар, қарттар үйлерінде, ауруханалар, мектептер, экологиялық акцияларда және тағы да басқа салаларда жүзеге асырылады. Волонтер өз еркімен уақыты, күші мен ресурстарын жұмсай отырып, қоғамның дамуына үлес қосады. Сондай-ақ, адамның жеке дамуына да ықпал етеді. Олар жаңа дағдыларды игеріп, әлеуетін ашады, адамдарға жауапкершілікті сезінуге, топпен, қоғаммен жұмыс істеуге үйретеді.

Қазақстанда жұмыс істейтін волонтерлік топтар бар. Олар көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын. Осындай топтардың бірі − ҰВЖ, яғни Ұлттық волонтерлік желі. Бұл Қазақстан Республикасы азаматтары мен заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі. Қазақстанда 2010 жылы азаматтар, азаматтық қоғам институттар, бизнес секторларжәне мемлекеттік құрылымдар арасындаволонтерлік мәдениетті қалыптастыру, бастамаларды қолдау және дамыту мақсатында құрылған. Бұл басылым стратегиямен қатар озық тәжірибені қамтиды. Мақсаты – ұйымдар мен жекетұлғаларға волонтерлік қызметті дамытуға көмектесу, Қазақстандағы волонтерлік қызметті дамытуға жәрдемдесу.Волонтерлік ақшалай көмектесу ғана емес, ол мұқтаж адамдарға үміт сыйлайтын іс. Сондықтан осындай қоғам қызметіне қатысу әр адамның маңызды міндеті. Себебі осы арқылы біз өзімізге және айналамызға оң өзгерістер әкелеміз.

Жақсылық қылсаң, жасыр…

– Волонтерлық шын жүректен жасалуы тиіс адамзатқа керек рухани қажеттілік. Адам болып дүниеге келген соң жақсылық жасап, қоғамға пайдаңды тигізу пенделік борыш. Қазіргі жастардың қуантарлық істері көп. Соның бірі – еріктілікке қызығушылық таныту.

Кез келген адам қандай сала болсын әдеп қағидаларын сақтауы тиіс. Бұл сөзімнің астарында жақсылықты «жар салып» жасайтындардың көбейгені көңілге қаяу салады. Көбісі әлеуметтік желіге жақсылығын жариялап, астыртын мақтанышқа кенелгісі келеді. Бұл дұрыс емес. Яғни айтпағым, егер игі іс бастап, мұқтаж жанға жомарттық танытқыңыз келсе, міндетті түрде келбетіңізді көрсетіп, көлкөсір қолдауға ие болудан аулақ болыңыз. Жақсының жақсылығын айтатын жандар табылады. Бір уыс ұн апарып, ақпарат айдынына абырой қылып паш еткеннің еш пәтуасы болмайтынын білген дұрыс. Сондай-ақ жеке адамның шекарасын сақтамай, желілерге суретін салып, тұлғаның алдағы өміріне кісен салмағаныңыз абзал. Себебі ақпарат ұзақ сақталады, оның кейін келтіретін залалын біз білмейміз, – дейді «Жомарт» қоғамдық қорының директоры Майя Жомарт.

Алдау оңай, залалы таудай

Қазір алаяқтықтың да түрі көбейіп, заман тыншымай тұр. Қайырлы іс деп көптің аузын ысып, ақшаны қалтаға басып, жоқ болып кететіндер кем де кем. Адамның ақ ниетіне қастандық жасау арқылы тапқан пайда – арам. Алайда мұны ұғынып жүргендер аз. Кейбір демалыс орындарында, дүкендер немесе мейрамханаларда «сауапты іс жаса» деген кейс бокстар тұрады. Әрине, көпшілік бейжай қалмай, қара бақыр тиын болса да салып кетуге тырысып бағады. Дегенмен мұндай жолмен қайырымдылыққа қаражат жинау сенім тудырмайды. Себебі халықтан жиналған сомманың үстінен 10% пайда көріп қалатындар көп. Әлеуметтік желіде де миллиондаған оқырманы бар кейбір «блогерсымақтар» жақсылық жасағанына өтем сұрайтын көрінеді. Бұл ел арасында тараған қауесет емес, өктем өрескелдік.

Біреу – біреуге сүйеу

Соңғы жылдары еріктілердің саны көбейгенімен сапасына сын түскенін байқауға болады. Көбісі қоғамдық жұмыспен айналысып, өз пайдасына ұпай жинауға асық. Ал расына келгенде, волонтерлық – ақысыз, ерікті түрде қоғамның игілігі үшін қызмет ету. Олар әлеуметтік осал топтарға көмектесу арқылы халықтың жағдайын жақсартуға, ілгері көмек көрсетуге қауқарлы азаматтар. Қиын қыстауда біріге қол ұшын созып, өмір сүру ахуалын жақсартуға әрекет жасайтындар. Волонтерлар қызметі әлеуметтік әлеует, медицина, экология, жануарларды қамтиды. Еріктілікте жасқа арналған шектеулер жоқ. Мектеп оқитын оқушы болсаңыз да, қалыптасқан тұлға болсаңыз да жақсылық жасау жас талғамайды. Сондай-ақ үздік еріктілерді ынталандыру үшін жыл сайын республика басшысының тапсырмасымен «Шапағат медалі» табысталынады. Кейбір оқу орындары волонтерлықпен айналысып, қоғамдық шараларға атсалысқан студенттерге оқу ақысымен көмектесіп, өзге де жеңілдіктерді қарастырған.

– Елімізде сенім артуға болатын қайырымдылық қорлары баршылық. «Харекет» қоры, «Дәулеттен» қоғамдық қоры аз қамтылған отбасыларға баспаналы болу бақытын бұйыртып, мұқтаж жандарды қамтамасыз етуге көмектесіп келеді. Сол сияқты басқа да волонтерлық ұйымдардың саны жеткілікті. Алайда «еріктілік» елімізде енді ғана қалыптасып келе жатыр. Бұл терминнің маңыздылығы асықпай айшықталуда. Әлемде індет тараған шақта, төбемізге қара бұлт төніп, алапат табиғи апаттар болған кезде халыққа көмек қолын созған волонтерлардың абыройы асқақтамаса, төмендемейтіні анық.

Еріктілікті жаны қалап емес, болашағыма әсер етеді, маған көмек болады деген түсінікпен бастап кететіндер бар. Бірақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел басына қатер төнген шақта халықпен біріге сындарлы сәттерде сынбай, бірге төтеп беру керек деп есептеймін, – дейді жас волонтер Азамат Нәмелбек.

P.S: «Мейірімділік жүректен» демекші, мұқтажға демеу болып, жылағанның жасын сүртіп, жесірін жебеген ұлы халықпыз. Ата-бабамыздан дарыған асыл қасиеттерді сақтай отыра, жақсылық жасауға бірдей талпынайық. Ел аман, жұрт тыныш болсын.

Қорлан Сары

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика