Дүйсенбі, 25 қараша, 18:39

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада Президенттің жаңа жылдық шыршасы өтті

24.12.2023

200

0

Prezident_shyrshasy

Жаңа жыл қарсаңында мерекені асыға күтетін балаларға арналған Президент шыршасын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бүгін өткен «Қош келдің, Жаңа жыл» атты Президент шыршасына  аудандардан 200 бала шақырылды.

Шарада  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының бүлдіршіндерге арналған  жаңажылдық құттықтауын жеткізді.

«Бүгін республикамыздың барлық аймағында Президент шыршасы өтуде. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Мен өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» — деді. 31 жыл бұрын бастау алған Қазақстан Республикасы Президентінің шыршасына осы уақытқа дейін біздің өңірден 4 мыңға жуық бала қатысты. Еліміздің басты шырша тойын мерекелеу үшін сіздер де облысымыздың әр ауылынан келдіңіздер. Бұл салтанатты шара – Президентіміздің өздеріңдей өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі», — деді аймақ басшысы.

Шыршаға келген балалар ойын ойнап, ән шырқады, театрландырылған қойылым тамашалады және естелік сыйлық алды. Сондай-ақ, мейрам қонақтарына арнайы фотосессия ұйымдастырылды.

Қызылорда облысында 280 мыңға жуық бала бар. Олар 680 балабақша және 325 мектепте білім мен тәрбие алады.  Оқушылардың мектепке қатынауына жақын, ыңғайлы болу үшін биыл қаладағы 4 мектеп жанынан қосымша ғимараттар салынды, 2 жаңа мектеп іске қосылды.

Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салынады.

Дарынды балалардың талабын шыңдауға баса мән беріліп келеді.  Биыл Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттар жұмысын бастады. Сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық  физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының іргетасы қаланды. Алдағы жылы Жаңақорған және Шиелі аудандарында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы басталады. 
Соңғы екі жылда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындау мақсатында «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылуда. Лагерьде облыстың  1000-ға жуық дарынды оқушысы кәсіби мамандардың көмегімен білімін жетілдірді.
Биыл 102 сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Облыстың пәндік олимпиадалық командасы жаратылыстану-математика бағыты бойынша командалық есепте республикада ІІ орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді.

Балаларды әлеуметтік қолдау және қауіпсіз орта қалыптастыру да басты назарда. Аймақта бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылған. Көмекке мұқтаж отбасыларға қаржылай қолдау көрсету мақсатында 37 087 балаға 41 мың теңгеден барлығы 1,3 млрд теңгеге бірреттік қаражат берілді. Балаларды қауіпсіз, жайлы көлікпен тасымалдау үшін  жаңа үлгідегі 30 автобус алынды.

FB_IMG_1703414505876.jpg
FB_IMG_1703414503337.jpg
FB_IMG_1703414514500.jpg
FB_IMG_1703414508677.jpg
FB_IMG_1703414516797.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика