Сенбі, 18 шiлде, 01:12

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аралда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда

17.07.2026

14

0

749329879 1512885653917485 5544879991077654418 n 1
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Арал ауданында жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,3 мың шаршы метрге жетіп, өткен жылдың деңгейінен жоғары болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев баяндады. Оның айтуынша, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында сумен жабдықтау, газдандыру, тұрғын үй құрылысы, жол және энергетика салаларында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Ауыз сумен қамту бағытында соңғы екі жылда бірнеше ауыл орталықтандырылған жүйеге қосылды. Биыл Абай елді мекеніне сапалы ауыз су жеткізіліп, тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешімін тапқан. Сонымен бірге «Арал–Сарыбұлақ» магистральдық су құбырының тозған бөліктерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасуда.

— Газдандыру саласында да маңызды нәтижелер бар. Қамыстыбас ауылында автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылып, болашақта 18 елді мекенді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік ашылды. Қазіргі уақытта жаңа магистральдық газ құбырының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал Қосжар, Аманөткел және Бөген ауылдарын газдандыруға арналған жобалық құжаттар әзірленіп жатыр, — деді аудан басшысы.

749268998 795820793619758 1692121078932132734 n

Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары қарқын алды. «Арал-Жалаңаш» автожолының бір бөлігінде орташа жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар Арал қаласындағы жеті көшеге толықтай асфальт төселіп, түнгі жарық шамдары орнатылды. Электр желілерін жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жаңа жобалар қолға алынуда.

Баспасөз конференциясында аудан басшысы инженерлік инфрақұрылым халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы басты басымдықтардың бірі екенін айтты.

748385569 2269118513856611 7627004762303348639 n

— Инфрақұрылымды дамыту ауданның ұзақ мерзімді дамуының негізгі тетігі. Біз тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету және жолдардың жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Бұл жобалардың барлығы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған, — деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика