Сенбі, 20 сәуiр, 02:07

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада студенттер арасында облыстық жыр мүшайрасы өтті

14.12.2022

240

0

Кеше Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қызылорда облысы білім басқармасы мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен колледж студенттерінің арасында «Тәуелсіздікті жырлайды еркін елдің жастары!» атты облыстық жыр мүшайрасы ұйымдастырылды.  

Мақсаты — Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін жырлау, тарихқа үңілу, егемендік жолында ерлік еткен тұлғалардың есімін жастар санасында қайта жаңғырту,  жастарды ана тілін, төл мәдениетін, туған тарихын құрметтеуге шақыру. 

Колледж студенттері арасында өткізілген қауырсын қалам иелерінің сайысына Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі, «Болашақ»университетінің жоғары колледжі, Қызылорда медициналық жоғары колледжі, Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі, Арал көпсалалы колледжінің жас өрендері бақ сынады. Жыр мүшайрасының ережесіне сай ақындар өз шығармашылығынан Тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сайысқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Бекмағанбетова Гүлмира Шанжарханқызы, «Әлімсақ» журналының тілшісі, «Баспалдақ» жыр жинағының авторы Сайлау Айдар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистранты Аружан Оралбай жас қаламгерлер қабілетін таразылап, әділ қазылық етті. 

Төрешілердің шешімімен жүлделі І орынды М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Зере Бұрхат иеленді. Ал ІІ орын М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Гүлім Қуанышбайға бұйырды. Сондай-ақ ІІ орынды «Болашақ» университетінің жоғары колледжі Нұрсұлтан Досмайлов жеңіп алды. ІІІ орынды үш студент өзара бөлісті. Атап айтар болсақ, олар М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Аружан Сақтаған мен Мирас Жалғасбек және Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің студенті Бекарыс Оразғали Бекарыс иеленді. Сондай-ақ ерекше өнер көрсеткен қатысушыларға «Алғыс хат» табысталды.

Тағы да оқыңыз: