Сейсенбі, 16 сәуiр, 10:51

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің инженерлік мектебі филиалын ашу жоспарлануда

08.11.2022

214

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 31 қазанда Оңтүстік Кореядан келген делегациямен кездесу өтті. Жиында екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.

Кездесуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова қазіргі уақытта университет 170-тен астам шетелдік оқу орны, мәдени және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық байланыста екенін атап өтті. Бұл елдердің ішінде Корея Республикасы ерекше орын алады.

«Өткен жылы Корея университеттерімен ынтымақтастықты дамыту жобасы бойынша Корея Республикасы Білім министрлігі делегациясының қатысуымен онлайн кездесу өтті. Жиында университет Кореяның Білім министрлігіне ақпараттық технология мамандықтарын жаңғырту және динамикалық роботтық жүйелер зертханасын құру туралы ұсыныс жіберген болатын. Корея Республикасының Білім министрлігі Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету үшін 2023 жылы халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университет (LUPIC) жобасын бастауды ұсынды. Бұл жобаны үйлестіруші университет ретінде Сеул ұлттық ғылым мен технология университеті таңдалды.
Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің информатика және инжиниринг департаментімен бірлесіп «Жасанды интеллект және информатиканың жаңа мектебін және бизнес-инкубациялық орталықты құру» жобасы әзірленді», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Университетте өткен кездесуде бюджет жөніндегі арнайы комиссияның төрағасы, Кореяның ұлттық қаһарманы, генерал Хон Бом До қоғамының төрағасы У Вон Сик Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті  инженерлік мектебінің филиалын кезең-кезеңімен ашу жоспарлануда екенін айтты.

Бірінші кезеңде дайындық процесі жүргізіледі. Педагогикалық ұжымды, үш білім беру бағдарламасы бойынша студенттер контингентін (киберқауіпсіздік, информатика, жасанды интеллект), материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік материалды базаны қалыптастыру (2022 жылғы желтоқсан – 2023 жылғы қазан).

Екінші кезеңде бірлескен бағдарламалар тіркеліп, инженерлік мамандарды даярлау басталады (2023 жылдың қазаны – 2026 жылдың желтоқсаны).

Сондай-ақ, 1937 жылы КСРО аумағынан Қызылордаға жер аударылған Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне университетте мұражайдың ашылатыны туралы келісім жасалды. Генерал Хон Бом До 1943 жылы 25 қазанда 75 жасында Қызылордада қайтыс болды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 17 тамызда Оңтүстік Кореяға ресми сапары барысында Корей халқының ұлттық қаһарманы Хон Бом Доны еске алуға арналған рәсімге қатысты. Өз сөзінде Кореяның ұлттық қаһарманы генерал Хон Бом До сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы Қазақстанның корей халқына деген шынайы құрметінің көрінісі деп атады.

Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп жұмыс жүргізу Қызылорда облысының және жалпы еліміздің экономикалық және цифрлық дамуына үлкен үлес қосады.

Кездесу барысында Кореядан келген делегация университет кітапханасындағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» бөлімінің қорымен танысты. Корей тіліндегі сирек кітаптар мен қолжазбалар қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Айта кету керек, университетте 1992 жылдан бері Корея Республикасы Елшілігінің Білім беру орталығы мен Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігінің волонтер оқытушылары жұмыс істейді. Корей тілі бағдарламасы ашылғаннан бері Кореядан келген 20-дан астам оқытушы 2 жыл жұмыс істеп, студенттерге корей тілі мен мәдениетін үйретті. Қазіргі уақытта «Шетел тілдері және аударма» кафедрасында 2 волонтер оқытушы жұмыс істейді.

Тағы да оқыңыз: