Бейсенбі, 25 сәуiр, 06:38

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жұмыссыз азаматтарға 6 айға дейін бұрынғы табысының 45%-ын төлеу қарастырылады

27.12.2022

160

0

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Әлеуметтік кодекс жобасын ұсынды, деп жазды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Министрдің айтуынша, Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, ЕуроОдақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынған. Сондай-ақ мұнда өз еліміздің ерекшеліктері де жан-жақты ескерілген. Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Жалпы, аталған кодекстің басты жаңалығының бірі – әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты болды. 

«Қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырады. Бұл – халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе. Сондықтан, оның негізі сақталады. Дегенмен, оның мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлем төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен, азаматтарды формальді форматта жұмыс істеуге ынталандыруды көздейтін болады», – деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бұл мақсатты орындау үшін біріншіден, шағын бизнестегі жалдамалы жұмыскерлер, платформаның көмегімен жұмыс істеп жүрген азаматтарға қатысты салықтық жүктемелерді төмендету қарастырылған.

Екіншіден, әлеуметтік жарналарын уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45%-ын төлеу қарастырылып отыр.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова зейнетақы жүйесіне қатысты өзгеріске тоқталды. 

Министрдің айтуынша, өазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды. Қарастырылған өзгерістерде 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер – жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын болады. Осы мақсатта бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгереді екен.

Бұл өзгеріс аталған зейнетақылардың мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып отыр. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.

Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Сондай-ақ салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50%-дан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.  Ал, жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді мұқият ескеруге тиіс.

Тағы да оқыңыз: