Жұма, 11 қазан, 15:50

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Үш буын полицейлер түлеген шаңырақ

13.01.2024

306

0

Үш буын полицейлер түлеген шаңырақ
Фото: syrboyi.kz

Абдулла Мұхтаров 30 жылға жуық ішкі істер органында еңбек етті. Қас қақпай қоғам тыныштығын күзетіп, саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнады. Бүгінде бұрынғы полиция подполковнигінің төрт ұлы әке жолын жалғастырып келеді.

Абдулла Мұхтарұлы бала кезінен тәртіп сақшысы болуды алдына мақсат тұтты. Осы мақсатына жету үшін тынбай еңбек етіп, білім алды. Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін оқып бітірді. Ол ішкі істер саласындағы қызметін лейтенант шенінен бастап, мемлекеттік автоинспектор, жедел іздестіру бөлімшесінің аға инспекторы, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік жұмыстар жөніндегі бірінші орынбасары, облыстық ішкі істер басқармасының қалалық күзет бөлімінің басшысына дейін көтерілді. 1989 жылы милиция подполковнигі шенімен зейнетке шықты. 

Өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне білді, ең бастысы мамандыққа адалдық танытты. Жинаған мол тәжірибесін бөлісіп, жас әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетті.

– Балаларыма үнемі айтып отыратын үш қағидам: кішіпейілдік, сабыр, мейірім. Осы үшеуі түгел тұрғанда азамат абыройсыз болмайды. Кешірімді болу келешегің үшін керек. Тәрбиесіз білім орға жығады, жұмыс жеміс бермейді. Құқық қорғау күрделі салалардың біріне жатады. Ол адам ең бірінші заң тұрғысынан сауатты болуы керек. Азаматтардың құқығын қорғап, кез келген жағдайда дұрыс әрекет ете білу маңызды. Біздің жұмыста қате шешім қабылдауға болмайды. Әрбір шешімнің соңында адамның тағдыры тұрады. Соны балаларыма жиі айтып отырамын. Жиырма бес жылдай басқармада жұмыс жасадым. Адамгершіліктен аттап кісі ақысын жемедім. Анам марқұм айтып отыратын «Біреудің ала жібін аттама, адам ақыңды уақытша жейді, Алла ақыңды жемейді» деп. Мен осы қағиданы үнемі есімде ұстадым, – дейді қарт полицей бізбен әңгімесінде.

Халыққа жасаған қалтқысыз қызмет ескерусіз қалмады. ІІО-да қызмет атқарған кездерінде ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын кеудесіне тақты. Сонымен қатар «Еңбек ардагері», «ІІМ-нің құрметті ардагері» медалімен марапатталды. Бұл ұзақ жылғы жұмыстың жемісі һәм жеңісі еді.

Қазір қазыналы қария сексеннің сеңгірінен асты. Сөзі жинақы, жүрісі ширақ. Өзінен өрбіген жеті баласынан 28 немере, 26 шөбере көріп, ұрпақ қызығына кенеліп отырған бақытты жан. Қызметпен қатар бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Жұбайы «Алтын алқа» иегері Қалдықыз Шайманқызымен екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде алып бәйтеректің терең тартқан тамырындай ұрпақ сабақтастығы жалғасып келеді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, Абдулла ағаның төрт ұлы әке жолын қуып, ішкі істер органында қызмет жасап, бірі подполковник, бірі полковник шенімен зейнетке шықты. Ал бір баласы кәсіпкерлік бағытын бағындырды. Ішкі істер органында Мұхтаровтар әулетін полицейлер династиясы деп те атайды.

Үлкен ұлы Әбдіқалық Абдуллаұлы ҚР Ішкі істер органының қылмыстық іздестіру саласында жұмыс жасап, подполковник шенімен зейнетке шықты. Полиция бөлімінде ұзақ жыл еңбек тәжірибесі бар. Жұмыс барысында адамгершілік пен шыншылдық қасиеттерін жоғары ұстады. Әке жолын жалғастырды, атына кір келтірмеді. Бала арманы бақытына айналған азамат. Екінші ұлы Марат кәсіпкерлік саласына бет бұрып, жастайынан еңбекке ерте араласты. Үшінші ұлы Мұраттың мұраты да әкесі секілді халық қорғаны болу еді, соған жетті де. Жұмысын жауапкершілікпен атқарып, мамандығын айрықша құрметтеді. Бауыржаны да әке ұстанымын бағдар етті. Мектеп бітірген бойдан ішкі істер саласы маманы болуға бар пейілімен ықылас танытты. Арман адастырмайды. Сол жарқын жолда жемісті еңбек етіп, подполковник шенімен зейнетке шықты. Қанат Абдуллаұлы да құқық қорғау саласында қажырлы еңбек етіп, еңбек демалысына шықты. Қыздары Назира мен Ақмарал бұл күнде білімді шәкірттер тәрбиелеп отырған білікті ұстаздар қатарында.

– Балаларымның барлығы болашақ мамандықтарын өз қалауымен таңдады. Бала кездерінен менің форма кигеніме қызығып, еліктесе керек. Әрине, бұл – мен үшін үлкен жетістік, мақтаныш. Ең бастысы, ел ықыласына бөленіп, батасын алса басқа тілек жоқ. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» дегенді үлгі етемін, – дейді Абдулла Мұхтаров.

Міне, бір саладан бақыт та, береке де тауып, бір мақсат, бір мүддеде еңбек еткен әулет әуелгі ұстанымын өмірлік қағида етті. Полицейлер династиясының үшінші буыны – немерелері де ата дәстүрін жалғап, әке жолын қуып, осы салада қызмет атқарып келеді.

Жаңа заман, әр баланың өз таңдағаны болады деген үстемдік құрып тұрса да, немерелері отбасылық жолды өмірлік өнеге етті. Барлығы бірдей бала күнгі арманына алғашқы қадам басты.

Үлкен немересі Ерлан ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітіріп, туған жерге оралып, облыс прокурорының көмекшісі қызметін атқаруда. Толқын Мұратқызы Қарағанды академиясын үздік тәмамдап, өз мамандығы бойынша еңбек етуде. Еркебұлан Маратұлы бозбала шақтан атасының батасын алып, өзі арман еткен мамандандырылған күзет саласында инспектор болып жұмыс істеуде. Оқу ордасында білікті мамандардан үлгі алып, еңбек жолындағы алғашқы баспалдағын аттады. Ортаншы немересі Жасұланға мекеме тарапынан үлкен сенім артылды. Қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі қызметін атқарады. Азамат Мұратұлы – жүрегінде жалыны бар жастың бірі. Үйдегі берілген тәлім оны күн өткен сайын шыңдап, биіктен көрсете түсті. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің тергеушісі. Немере келіні Аружан Қабылбек – облыстық полиция департаментінде инспектор.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме? Әкенің талапшыл, әділ ұстанымы мен ананың ақ адал пейілін көріп өскен ұрпақтары отбасы ұлағатын қанат етіп байлап, биікке көтерілді. Тәртіп сақшысы атану ел алдындағы қалтқысыз қызмет, ар алдындағы жауапкершілігі жоғары міндет екенін ұғынды.  

Абдулла Мұхтаровтың әулеті – ішкі істер саласынан бақытын да, өмірлік орнын да тапқан шаңырақ. Үш буын полицейлер шыққан үй бейбітшілік нышаны іспеттес. Босағасына бақыт ұялап, шаңырағын шаттық тербеген әулет ұрпақ сабақтастығына адалдық танытты. Ел тыныштығы үшін халқына қалқан, ұлтына ұран болар бұл әулеттен әлі талай ұрпақ өсіп-өнері хақ.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Дереккөз: Syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика