Бейсенбі, 02 мамыр, 07:12

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сот ісінің 96 пайызы электронды нұсқада сақталған

16.01.2024

108

0

Сот ісінің 96 пайызы электронды нұсқада сақталған
Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі

2023 жылы Қызылорда облысы бойынша барлығы 33 687 сот ісі тіркелген. Оның ішінде 17 435-і азаматтық іске байланысты қозғалған. Қалған сот істері өз мерзімінде шешіліп, толық аяқталды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Елтай Бөрібаев хабарлады.

Департаменттің негізгі бағыты – статистикалық деректер мен сот істерінің жай-күйін толық талдау болып табылады. Бұл ретте біздің жұмыс жүйеміз жанданып, оңтайландырылып келеді. Сонымен қатар, аяқталған істердің 96 пайызы электронды нұсқада сақталған. Соңғы бес жыл көлемінде шешілген сот істері туралы мәліметтерді осы электронды нұсқаға көшірдік. Бұдан бөлек, былтыр 12 мониторинг пен сот істеріне қатысты 24 талдау жұмыстары жасалды, — деді Елтай Бөрібаев.

Брифинг барысында ҚР Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мөлдір Асанова жыл көлемінде Әдеп жөніндегі уәкіл бойынша атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

— Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік жүйені дамытудың негізгі айнасы іспеттес. Сол себепті мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру, олардың қызметін халыққа дұрыс насихаттау аса маңызды болып табылады. Бұл ретте Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі жүйелі жүргізіліп келеді. Былтыр осы Әдеп жөніндегі уәкілдің жылдық жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге арналған әр түрлі семинар-тренингтер, жиындар, мәдени-спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жарты жылда бір рет мемлекеттік қызметшілерден арнайы сауалнама алынады, — деді Мөлдір Асанова.

Одан әрі қалалық соты әкімшісінің басшысы Нұрила Дүйсенова «Сот кабинеті» электронды сервисі туралы толығырақ баяндап өтті.

— Өздеріңіз білетіндей, Қызылорда қалалық соты жергілікті азаматтардың мәселелері бойынша істермен айналысады. Атап айтқанда, неке және отбасына қатысты даулар, мұрагерлік істер, жер қатынастары, жеке азаматтардың еңбек даулары сынды мәселелер қарастырылады. Қаралатын сот істері «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы жүзеге асырылады. Тиісінше, әрбір азамат электронды цифрлы қолтаңбаны алып, сот кабинетіне тіркелгеннен кейін үйде отырып-ақ аталмыш сот ісі туралы мәліметтерге қол жеткізе алады, — деді Нұрила Дүйсенова.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: