Сейсенбі, 27 ақпан, 22:19

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Шахмардан Байманов: Азаматтардың еңбегі лайықты бағалануда

29.11.2023

140

0

shahmardan_baimanov

Қызылорда облысының мәдениеті мен спорт салаларында биыл жағымды жаңалық көп. Аймақта тұңғыш симфониялық оркестрдің құрылуы, мәдениет пен әдебиет өкілдеріне арналған облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы, мұқым елдің маңдайына біткен өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев атындағы 1 халықаралық әншілер конкурсы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Айтыс олимпиадасы» өткізілуі, сондай-ақ байрақты бәсекелердегі сыр спортышыларының жемісті өнері осы сөзімізге дәлел. Саладағы салмақты дүниелерді облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндады.

Бүгінде облыс бойынша 410 мәдениет, өнер, архив және 41 спорт мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Бұл мекемелердің берген нәтижелері де көңілге қонымды. Сыр өңірінде бірнеше жылдар бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалды. Жиында Шахмардан Байманов облыстың мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталып өтті.

«Осы жасалып жатқан жұмыстардың басы-қасында жүрген азаматтардың еңбегі лайықты бағалануда. Ақпарат саласының үздігі, ардагері Шәкизада Әбдікәрімовке «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыстық «Сыр бойы» газеті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген дәстүрлі «URKER-2023» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды. Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз Еліміздің мәртебесін асқақтатуда. Қытайдың Хуанчжоу қаласында өткен XIX Жазғы Азия ойындарында 6 спортшымыз, IV Жазғы Пара Азия ойындарынан 3 спортшымыз сәтті өнер көрсетіп, жүлдемен оралды. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшылардың Сыр өңірінен шығуы біз үшін үлкен жетістік» , — деді Шахмардан Асқарұлы.

Жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Асқарұлы 8-9 желтоқсанда Астана қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өткізілетінін де тілге тиек етті.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: