Жұма, 23 қыркүйек, 16:38

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада білім саласының маңызды мәселелері талқыланды

14.09.2022

23

0

Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралған жиынға қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен онлайн форматта өңірдегі барлық мектеп директорлары қатысты.

Күн тәртібінде жаңа оқу жылының басталуы, мектеп директорларының ротациясы, бос лауазымдарға конкурс жариялау, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды. Сондай-ақ, балалар қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және мектептердегі тәрбиелік бағыттағы шараларды жандандыру мен мемлекеттік сатып алу жұмыстарының жүргізілуі, жылу маусымына дайындық барысы, ұлттық білім беру деректер қорының толтырылуы және әлеуметтік желілермен жұмыс жайы талданды.

Алқа отырысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарлары Бағдат Бердаулетов пен Ділдә Момбек, облыстық «Дарын» орталығының директоры Айжан Қиянбекова және басқарманың баспасөз хатшысы Бекбол Қаратайұлы өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар шеңберінде хабарлама жасап, алдағы міндеттерге тоқталды.

Жиында Мейрамбек Зинабдинұлы күн тәртібінде талқыға түскен мәселелерді жеке-жеке талдап, мектеп директорларының ротациясы, мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдау және білім бөлімі мен мектеп басшыларының ашықтық, жариялылықты сақтауы туралы мәселелерге ерекше атап өтті.

«Соңғы уақытта мұғалімдерді жұмысқа қабылдау мәселесі қоғам назарын ерекше аудартуда. Айтылып жатқан сындар да аз емес. Осы орайда конкурс толық 16 сағат жүктемемен ғана жарияланып, бос орынға қабылдау керек. Конкурстық комиссия құрамына білім бөлімінің өкілдері және байқаушы ретінде қамқоршылық кеңес, ҮЕҰ өкілдері кіргізіліп, әңгімелесу сатылары міндетті түрде аудио және бейнежазбаға таспалану қажет. Тіпті, заңдылығы келсе конкурсты тікелей эфир арқылы жүргізу мәселесін де қарау керек», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өз сөзінде облыстағы пән мұғалімдерінің апталық жүктемелерінің толымсыз болу фактілері бар екендігін айтты. Апталық оқу жүктемесінің толық қалыптаспауы білім сапасына әсер етуде. Бүгінде барлық педагогтың 33%-ның сағат жүктемесі 6-15 сағат аралығында қалыптасқан, яғни, сағат жүктемелері толымсыз. Осы ретте Мейрамбек Зинабдинұлы мектеп директорлары ұстаздарға сағаттардың ұсақталмай бөлініп, апталық оқу жүктемесінің толық болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: