Жұма, 11 қазан, 17:53

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада азық-түлік бағасын бақылау жалғасуда

04.08.2022

470

0

«AMANAT» партиясының бастамасымен аймақтық және аумақтық филиалдардағы мониторингтік топтар арнайы жұмыс алгоритмі бойынша апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қоғамдық негізде зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

Бүгін де топ мүшелері облыс орталығындағы «Қызылорда» гипермаркеті, «Small», «Magnum Express», «Аль-Асад», «Алатау» және «Сәлем» сауда орындарында болып, тауарлардың бағасына бақылау мен талдау жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар жасалып, ұсынымдардың орындалуын партиялық бақылау ұйымдары жіті қадағалайтын болады. Бағаның шектен тыс өсуі анықталған жағдайда мәселені шешу үшін нақты мерзімдер көрсетіле отырып тиісті жауапты тұлғалар бекітіледі. Сондай-ақ ұсыныстар орындалмаған жағдайда тиісті жауапты тұлғаларға партиялық жауапкершілік шараларын көру мәселесі қаралады.

«Партия жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтың мүшесі ретінде бұл жұмыстың нәтижесі бар екенін байқадым. Алдыңғы аптада аралағанда айтылған ұсыныстар мен ескертулер назарға алынып, кемшіліктер түзелген. Дүкен сөрелерінде қажетті әлеуметтік тауарлар жеткілікті. Баға шектен тыс көтеріліп тұрған жоқ. Алайда өзгерістер болған жағдайда партия алаңында талқылап, шешімін табуға жұмыс жасаймыз», – деді топ мүшесі Қожахмет Ильясов.

«Бүгін үйіме қажетті азық-түлік алуға келдім. Баға бұрынғыдай қымбат емес бірақ мұнан да арзандау болса қуанышты болар едік. Мысалы күнделікті қажет қант, макарон мен көкөністер алуға халық ағылып келіп жатады. Біреудің қалтасы көтерсе, кейбіріне бұл бағада қымбат болып тұр. Осындай бақылаулар тұрақты өтіп тұрса жағдай дұрысталады деп сенемін», – деді қала тұрғыны Ажар Бәйтенова.

Өз кезегінде мұндай мониторинг топтарының жұмысы облыс орталығынан бөлек барлық аудандарда да жүргізілуде.

Алдағы уақытта аталған бағыттағы мониторингтік топтары жүйелі түрде супермаркет, базар, дүкендерді аралап, нарықтағы тауар бағасын бақылап, бағаның себепсіз өсуінің алдын алады.

Мониторинг тобы құрамында партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестер мен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, БПҰ төрағалары, мәслихат депутаттары мен ҮЕҰ және БАҚ өкілдері бар.

Сондай-ақ өткен аптада аймақ бойынша қала, аудандарды қосқанда 44 сауда нысанына мониторинг жүргізілді.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика