Сейсенбі, 19 наурыз, 12:33

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада ауқымды жобалар жүзеге асады

24.11.2022

203

0

 ​Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменовтың Қазақстан  Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, 2022 жылдың IV тоқсанындағы халықпен кездесуі Белкөл, Тасбөгет кенттері мен Қызылжарма ауылдық округінен басталды.  

​Шаһар басшысы алдымен Белкөл кентіне барды. Бүгінде кенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсу қарқыны жоғары. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзу, қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Елді мекенді бөліп тұрған темір жолдың үстінен жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жоспарға сәйкес жүруде. Ауыз су мен электр энергиясын жеткізуде мәселе жоқ. Дегенмен, тұрғындар осы кездесуде әкімнен жаяу жүргіншілер жолын салып беруді сұрады. Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы өтініштің орындалатындығын, жыл басталысымен әлеуметтік нысандарға баратын көшелердің қос қапталына 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолының салынатындығын жеткізді.

​Халықпен кездесу Тасбөгет кентінде жалғасты.  Қаламен қатар дамыған кентте де бірқатар мәселелер бар. Солардың бірі – емханадағы орын жетіспеушілігі.  Тұрғындар бұл бойынша  тағы бір емхананың қажеттілігін айтып, шешу жолдарын қарастыруды сұрады. Шаһар басшысы аталған жағдайға байланысты тиісті орындарға ұсыныс бергендігін жеткізіп, жедел жұмыстар жасалады деді.

​Кездесуде «Сабалақ» саяжайының тұрғыны қаңғыбас иттердің күрт көбейіп кеткендігін айтып, олардың көзін жою бойынша қандай жұмыстардың жасалатындығы сұрады. Бұл мәселеге орай, қала әкімдігімен облыстық ветеринариялық басқарма бірлесе кешенді жоба әзірлегендігін, алдағы уақытта тиісті шаралардың атқарылатынын айтты. Өз сауалдарына жауап алған тасбөгеттіктер Асылбек Өмірбекұлына ризашылықтарын білдірді.

Қызылорда қаласының әкімі халықпен кездесуін Қызылжарма ауылдық округінде  түйіндеді. 

Соңғы бес жылда бұл елді мекеннің аумағы бірнеше есеге ұлғайып, тұрғындар саны 15 мыңға жетті. Халық санының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу секілді мәселелер бой көтерді. Солардың бірі — мектеп құрылысы. Қажеттілікке орай, Қызылжармадан арнайы орын белгіленіп, келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында игілікті іс бастау алады. Яғни, 900 орындық білім ұясының құрылысы жүргізіледі. Тағы бір ауқымды жоба – ауылдағы 35 көше жөнделетін болады. Оған бюджеттен 1 млрд. 600 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, келер жылдың жаз айында ауыл орталығынан  заманауи үлгідегі жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі. Осылайша елді мекен жаңаша кейіпке енеді. Жағымды жаңалықтарымен бөлісе келген қала әкімі Асылбек Шаменовке тұрғындар алғыстарын жеткізіп, ақсақалдар батасын берді.

Тағы да оқыңыз: