Бейсенбі, 28 наурыз, 14:43

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылорда жылу маусымына дайындық жоспарын 100 пайыз орындады

06.09.2022

250

0

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, электр станцияларында 4 энергоблокта, 25 қазандықта, 23 турбинада жөндеу аяқталды. Ал 4 энергоблокта, 27 қазандық пен 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыларда. Жылу беру кезеңіне қазандықты дайындау үшін 1073 қазанды немесе жоспардың 90%-ына жөндеу жүргізілді. Электр желілерін жөндеу бекітілген кестеге сәйкес аяқталуда.

Электр станцияларында отын жинақтау жалғасуда: энергия көздері қоймаларындағы көмір қоры 3,9 млн тоннаны және 83 мың тонна мазутты құрайды, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді.

Сонымен қатар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдерінің сақталмағаны атап өтіледі.

Бұдан басқа, Шымкент қаласында және  Қарағанды, Маңғыстау облыстарында күрделі жөндеулер 2023 жылға ауыстырылды.

Түрлі себептерге байланысты Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Павлодар, Абай облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы жылыту маусымында ерекше назар аударуды талап ететін өңірлер болып табылады.

Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бүгінде 11 075 білім беру объектісі (жоспардың 99%-ы) ) және 5 566 денсаулық сақтау нысаны (98%) жылу беру маусымына дайын екенін айтты. 

42 383 тұрғын үйде (88%) жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ 11 мыңнан астам дербес қазандық (97%), 1 176 км жылу желілері (94%) және 2 031 км сумен жабдықтау және су бұру желілері (86%) жөнделді.

Көмір өндіруші компаниялар 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106%-ды құрайды. Барлық өңірлерде көмірдің қоры қажетті мөлшерде жинақталған.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.

Премьер-Министр жалпы өңір әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын кестеге сай жүргізіп жатқанын атап өтті. Қостанай, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады. Дегенмен, тұрғын үйлердің дайындығын кестеден кешіктіру фактілері де бар. Мысалы, Павлодар облысы.

«Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс. Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмір бағасының күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр жылыту маусымына дейін аз ғана уақыт қалғанын атап өтті. 

«Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі. Сондықтан жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек, дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Бұл  ретте барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, 1 қазанға дейін барлық жылу электр орталықтары мен дербес жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз ету керек. 

Премьер-Министр көмір жеткізушілермен белсенді байланыс жасап, тұрақты мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды. 

«Барлық объектілердің жылыту маусымына дайындығы бойынша жұмыстың аяқталуын бақылауды қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында болады», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Тағы да оқыңыз: