Жұма, 29 наурыз, 12:27

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қармақшылық тұрғын биогумус бизнесін қолға алған

15.05.2023

145

0

Әрбір адам түрлі салаға, мамандыққа бейім. Бірі мемлекеттік қызметке қызығады, мекемеде жұмыс істеуді қалайды. Ал ендігісі форма киіп дәрігер не полиция болғысы-ақ келеді. Басқалары өз кәсібін ашқанды қалайды. Бір сөзбен, мамандық та, кәсіпшілік те көп. Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбілда Мамбетов жұрттың ойына келе бермейтін іспен шұғылданып жүр. Оның айтуынша,құрт өсіру арқылы тыңайтқыштан таза өнім алуға болады.

Биогумус жайында естуіңіз бар ма? Ол – экологиялық таза органикалық тыңайтқыш. Оны көтерме және бөлшек сауда желісінде сатуға, жердің құнарлылығын қалпына келтіруге, ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға қолдануға арналған. Ал Төребай би ауылының тұрғыны Әбілда Мәмбетов бұл жобаны қолға алғанына көп жылдай уақыт  болған. Жоба қуаттылыққа шығуы үшін алдыңғы жылдары  «Еңбек» бағдарламасымен 583 400 теңге көлемінде грант жеңіп алады.

«Оңтүстік өңірдің жері сазды, құмшауытты, құрғақ келеді. Бұл  өсімдіктердің, көкөністерінің, дәнді-дақылдардың, жеміс-жидектердің тағы басқаларының тамырларын қысып тастап, ойдағыдай өсуіне кедергі келтіреді. Адам жерді баптауға жете көңіл бөлсе, ол құнарлы, неғұрлым қара топырақты болмақ. Жер құнарлы болса, егіннің мол өнім берері хақ. Әу бастан жердің қойнауында ол құнарланып отыруы үшін макро және микроағзалар бар. Олардың «қызметі» – шіріген органикалық заттарды  «жеу» арқылы жердің құрамын гумуспен байытып, құнарлы қара топыраққа айналдыру. Макроағзаларға шылаушындар, қырықаяқ, жүзаяқтар, қоңыздар, микроағзаларға бактериялар жатады. Бактериялардың аэробты және анаэробты деген екі түрі бар. Аэробты бактериялар жердің ауа болатын 30 сантиметр қалыңдығында, анаэробтысы ауа жоқ астыңғы қабатында өмір сүреді. Бұл макро-микроағзалар жердің құнарлылығына «қызмет етеді». 60-70 процент ылғалдылықта өмір сүреді, шірікпен қоректенеді. Кондицат арқылы ылғал бар, талдар арқылы қоректенетін шірігі бар. Адамдар осы табиғи жағдайды өз жеріне, мейлі ол жылыжай, мейлі алқап болсын ендірсе, жердің келе-келе құнарлы қара топыраққа айналуы даусыз», – дейді кәсіп иесі.

Әлі де бұл не деп отырған боларсыз. Ендеше қарапайым тілмен түсіндіріп көрелік. Арнайы жер астында жүретін құрт бар ғой? Көбі оны «червяк» дейді. Соның германдық түрін әкелген кәсіпкер алдымен малдың қиын далада бірнеше уақыт, әбден кептіреді. Одан соң әлгі құртты көңге жіберіп, арасында су құйып баптайды. Ал құрт болса бірнеше уақыт арасында қиды таза, химикатсыз тыңайтқышқа айналдырады. Ол алдымен өнімнің сапасы мен дәмін арттырса, ендігісінде оның тез өсіп, тез пісуіне жол ашады. Бастысы – ешқандай қоспасыз, химикатсыз, табиғи дәмді дақыл шығарады.

– Мұны бастамас бұрын әбден зерттедім. Сөйтіп Алматы қаласына барып арнайы оқуын оқыдым. Бастапқыда 50-60 құрт сатып әкелдім. Жалпы құрт санына байланысты, негізі 90 күн ішінде тыңайтқыш түзеледі. Бұл жоба аймақта әзірге жоқ. Қазір ауыл арасында осы тыңайтқышты келіп, сұрайтындар бар, – дейді кәсіпкер.

Әбілда Мамбетов зайыбы Жұлдызай Дастановамен осы кәсіптің көкжиегін кеңейтіп отыр. Алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, арнайы орынның көлемін арттырмақ. Одан соң қажетті темір техникасын да түгендемек. Айтпақшы, лабороториядан тыңайтқыш сараптамасы келсе, төребайбилік биогумус сатылым нарығына шықпақ.

Қазір көпшілік жерде мамандар биогумустың артықшылығын бірауыздан қолдауда. Әсіресе, диқандар арасында сұраныс жоғары. Себебі бұл өнім біріншіден, ауылдағы көңді шығару мәселесін шешсе, екіншіден, одан таза, органикалық тыңайтқыштар алынады. Сонымен қатар, өнімділікті арттырып қана қоймай, жеміс-жидек, көкөністердің сапасына, дәміне оң әсерін береді.

– Мендегі құрттар «Старатель» деп аталады. Арнайы зертханада дайындалған. Олар тек көңді жейді, қажет тамағы да сол. 80 пайыз ылғалда өседі. Көң арасында газ жиналмас үшін 1015 күнде аударып қоямыз. Ондай алып бара жатқан жұмысы да жоқ. 6 айда тыңайтқыш дайын болады. Құртты көшіріп, гомусын аламыз. Содан кейін бақшаға, жеміс-жидек, гүлге пайдалана беруге болады. Қыста қатты суықта үсіріп аламын деп қорқудың қажеті жоқ. Өзі гибридті тіршілік болғандықтан өлмейді, жиналып ұйықтап қалады да жазда қайта тіріліп қызметіне кіріседі. Құрттың міндеті – көңді жеп, қара топыраққа айналдырып, құнарландырады. Құрамында кальций, азот, фосфор бар. Кез келген көкті шығаруға қауқары жеткілікті, тек қолдана білу керек. Биогумустың күші бес жылға дейін сақталады. Мен ауданға келгенде байқайтыным көктемде еккен талдар көктемей өліп қалып жатыр. Неге? Себебі жеріміз сор. Осындайда биогумусты пайдаланса жер құнарланып, талдар өсер еді. Қазір ауыл жұрты осы тыңайтқышты қолданады, көптен бері шықпаған ағаштарымыз көктеп тұр. Әзірге Төретамнан, аудан көлемінен сұраныс жиі түсіп жатыр. Жақын арада Алматы қаласынан сатуға рұқсат берілетін сертификат келсе, дүкендерге шығарамыз, – дейді кәсіп иесі.

Әбілда ағамыздың көмекшілері – үйіндегі келіншегі мен балалары. Кәсіптің бүге-шігесіне дейін бәрін үйретіп қойған. Өзі жоқта бар істі атқара береді. Менің қолқанатым отбасым дейді сөз арасында. Мұнан бөлек, ол кәсібінен түскен қаржыны өз пайдасына асырмай қайырымды іске жұмсап отырады. Соның ішінде ауылдағы футбол спортына қатысып жүрген жас жеткіншектердің киімі мен добына демеушілік жасап, қолдау көрсетуде.

Тағы да оқыңыз: