Жексенбі, 15 желтоқсан, 01:40

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Отбасы – тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі

02.11.2024

590

0

Әкелер форумы (1)

«Достық үйінде» IХ республикалық әкелер форумы өтті. Оған зиялы қауым, отбасы саясаты саласындағы сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Республикалық әкелер одағының өңірлік жетекшілері, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның пленарлық отырысында облыс  әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов форум жұмысына сәттілік тілеп, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың  құттықтау лебізін жеткізді.

– Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Әрбір қазақ үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі осы жерде қалыптасады. Мемлекет басшысы «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қанымызға сіңген қасиет.

Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп ерекше атап өтті. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес. Ал әр отбасында елін сүйетін, ұлтына жаны ашитын еңбекқор азаматтың тәрбиеленіп шығуында әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, қорғаны әрі жақсылыққа бастайтын тәрбиешісі. Оның мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы баланың үлгі-өнеге алатын, бой түзейтін темірқазығы. Бүгінгі әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, ата-аналардың 45 пайызы ғана баласымен күн сайын уақыт өткізеді екен. Осы ретте «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген халық даналығының өзектілігі күн санап артуда, – деді Ш.Байманов.

Одан кейін аймағымызда отбасы құндылығын ілгерілету, халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. 

Басқосуда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов өз ойын ортаға салды.

– Бұл өңір – саналы тарихымыздың қайнар көзі, қазақ зиялыларының табаны тиген қасиетті топырақ. Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбілда Тәжібаев секілді қазақтың біртуар ұлдары дүние есігін ашқан, тұлға болып қалыптасқан ордада әкенің мәртебесі туралы сөз өрбіту орынды. Биылғы форумның «Тәрбие – талбесіктен» деп аталуының да өзіндік мән-мағынасы бар. Себебі отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Бұл базалық-әлеуметтік институттың тиімді қызметі, мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты» дегені белгілі. Осы тұрғыда әкелер институтын дамыту және қолдау көрсету, ана-мен баланы қорғау мемлекеттің отбасы саясаты саласындағы стратегиялық басымдылығына ие. Министрлік жүргізген әлеуметтік зерттеулерге қарағанда халықтың 82 пайыздан астамы ерлі-зайыптылар бала тәрбиесімен бірдей айналысуы керек деген тұжырымға келген. Дегенмен жұмысбастылар, әсіресе әкелер бала тәрбиесіне көңіл бөлмей жатыр. Ашып айтсақ, бүгінгі балалардың көзқарасының қалыптасуына, олардың құндылықтар жүйесіне әлеуметтік желінің әсері көп. Балалар гаджеттерге, әлеуметтік желілерге уақытының көп бөлігін жұмсайды. Бұл қазіргі ата-аналардың өзекті мәселелерінің біріне айналды, – деді ол.

Расында, бала тәрбиесіне келгенде ұлттық құндылықтардан гөрі, материалдық жағдайға көп көңіл бөлетініміз өкінішті. «Баланы аясаң, аяма» деген даналықты ұмытып, кей ата-аналардың баланы шектен тыс өбектеуі, қиындыққа төзе білуге үйретпеуі, еңбекке ерте жастан баулымаудың кері әсерін өздері тартып жатқаны жасырын емес. Әсіресе, ұл баланың тәрбиесіне келгенде әкенің қас-қабағы мен мысының үстем болуы да маңызды.

Форумның түске дейінгі жұмысында «Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі: жауапкершілік, батылдық, құрмет», «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы түрде ата-ана болу», «Ерлер үшін спорт пен денсаулықтың маңыздылығы» атты бірқатар талқылаулар болды.

Спикерлер арасынан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев балалық шағын еске түсіріп, әкеге құрмет туралы ойын айтты. Атақты композитордың баласы ұлттық құндылықтар мен елін сүюді, ата-ананы құрметтеуді, туған жердің қадірін ұғынуды әке тәлімінен алған. Ал Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Камал Әлпейісова ұл тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу керегін тілге тиек етті.

–  Қыздарымызды қырық үйден тыйып болдық. Ал сондай үлбіреген қызын кім тәрбиесіз, бұзақы ұлға бергісі келеді. Ұлттың ұстыны – ұл, шаңырақты көтеретін – ұл, көшті бастайтын – ұл. Сондықтан ең бірінші ұл тәрбиесі мықты болуы тиіс. Әрбір ер жігіт өнегелі, өнерлі, білімді болып өсу керек, – деді.

Жалпы форум барысында отбасындағы қауіпсіздік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицидтің алдын алу мәселесі қаралып, саналы түрде отбасын құру, бала тәрбиелеудегі әкенің рөлі мен жауапкершілігі, баланың бойындағы қабілеттерді арттыру тақырыптары талқыланды және әрқайсысына жеке сессиялар арналды.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала ұлттық рухани құндылықтарды ең алдымен отбасында бойына сіңіріп өсетіні анық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ұлттық тәрбиені талбесіктен бастауға үндеген келелі басқосудың түйіні осы болды.

aekeler forwmy2

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика