Жексенбі, 21 сәуiр, 07:50

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

МӘМС: Емхананы қаншалықты жиі ауыстыруға болады?

13.11.2023

172

0

emhana_auystyru

15 қарашаға дейін жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны өтеді.  2024 жылдан бастап медициналық көмек алу үшін өзге емханаға ауысуға мүмкіндік беріледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов осы науқанға қатысты жиі қойылатын сауалдарға жауап берді.

Емханаға не үшін тіркелу керек?

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында медициналық көмек алу үшін емханаға тіркелу керек. Белгілі бір медициналық мекемеге тіркелген соң, денсаулығыңызға қатысты қандай да бір шағым болса емдеуді тағайындау немесе одан әрі тексерілуге жолдама алу үшін  өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге бара аласыз. 
Пациент медициналық көмек алу үшін алдымен учаскелік дәрігерге (терапевт/ жалпы тәжірибе дәрігері/ педиатр) барады. Ол қабылдауға келген адамның денсаулық жағдайын бағалап, анамнез жинап, алдын-ала диагноз қояды. Кейбір жағдайларда емдеуді тағайындап, бейінді маманға жолдама береді. 

Қайда тіркелуге болады? 

Азаматтар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін клиникаларға тіркеле алады. Оған қалалық емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, отбасылық денсаулық орталықтары кіреді. Бұл медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасады. 
Жеке тұлғалар тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша өз еркімен бір клиниканы таңдай алады.  

Жекеменшік клиникаға тіркелуге бола ма? 

Иә, жыл сайынғы науқан кезінде мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркелуге болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдардың меншік нысанына қарамастан алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасады.
2024 жылға арналған тіркеу науқанына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін Қызылорда облысының 26 ұйым қатысады, оның 14 – і жеке меншік.

Менің рұқсатымсыз мені басқа емханаға тіркей ала ма? 

Денсаулық сақтау басқармалары азаматтар үшін қадамдық қолжетімділік қағидатын ескере отырып, халыққа қызмет көрсету аумағын медициналық ұйымдар бойынша қайта бөле алады. Осы ретте емхана қызметкерлері тіркелген адамдарға телефон арқылы (базада нөмірі көрсетілген жағдайда) жазбаша немесе басқа тәсілмен хабарлау керек. Комиссияның шешімімен келіспесе, басқа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымға тіркеуге өтініш бере алады.
Егер өтініш бермесеңіз де, емханаңыздың ауысқанын байқасаңыз, алдымен денсаулық сақтау басқармасына хабарласуыңыз керек. Егер бұл аймақтық комиссияның шешімі болмаса, ресми шағым бере аласыз.

Егер жаңа емхананың жұмысы көңілімнен шықпаса ше?  

Пациент 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа емханада қызмет ала бастайды.  Егер медициналық көмек алу барысында бір нәрсе көңіліңізден шықпаса, еркін таңдау құқығын пайдалана аласыз. Яғни, жылына бір рет тіркеу науқанынан тыс кезде емхананы ауыстыруға болады.

Емхананы қаншалықты жиі ауыстыруға болады?

Пациент келесі жағдайларда емханасын ауыстыра алады:  
1) тұрғылықты жерін ауыстырған кезде;
2) бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде емхананы еркін таңдау кезінде; 
3) 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығындағы тіркеу науқаны кезінде;
4) өңірлік комиссияның ұйғарымымен емханаға тіркегеніне келіспеген жағдайда;
5) емхана алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, сонымен бірге емхананы қайта ұйымдастыруға, таратуға байланысты;
6) егер емхана Қормен шарт жасаспаса /шартты бұзған жағдайда/ медициналық қызметтер көлемін алмаса;
7) қызмет көрсету аумағында жаңа клиникалар пайда болған кезде.

Медициналық көмек алу кезінде қосымша сұрақтар немесе мәселе туындаған жағдайда өз клиникасындағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажет. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналарының біріне өтініш қалдыра алады:

• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• fms.kz ресми сайты
• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
• 1414 байланыс орталығы

Сондай-ақ Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz мобильді қосымшалары МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.

Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: