Жексенбі, 19 мамыр, 08:44

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

М.Әбенов Шиелідегі әлеуметтік жұмыстармен танысты

05.05.2024

127

0

М.Әбенов Шиелідегі әлеуметтік жұмыстармен танысты

Депутаттар қарапайым халық пен биліктің арасын жалғастыратын көпір деуіміз бекер емес. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі осы халық қалаулыларына аманат. Өткен жылы шежірелі өлкеге Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов келіп, әлеуметтің тынысымен танысқан-ды.

Мәжілісменнің Шиелі ауданына атбасын бұрудағы мақсаты — тұрғындармен кездесіп, емен-жарқын тілдесу, өтініш-тілектерін тыңдап, қала берді елдегі соңғы қабылданып жатқан заң жобаларын түсіндіру.

Мұрат Әбеновпен «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық және Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, Шиелі аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері Мұханбетжан Салқынбаев, Асылхан Өмірәлиев және БАҚ өкілдері қатар жүрді.

Депутатпен кездесуге жүзден астам азамат келді. Олар балаларды мектепке даярлауға берілетін қаржылай көмектің әділ бөлінбеуі, көпбалалы отбасыдан шыққан және әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз ету, медицина саласындағы әлеуметтік қызметкерлердің, психологтардың жалақысының төмендігі, білім беру форматының өзгеруі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударып отырған қаржыны тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс-пікірлерін бүкпесіз айтты.

Ауыл тұрғыны Айнагүл Заирова бала күтіміне орай екі немересіне мек­­тепке даярлауға берілетін 40 мың теңгені ала алмай отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, қызы үш баласымен қолында отыр, екеуі мектепте оқиды.

– Осы балаларға  көмек алу үшін құжат өткізсек, менің және атасының бір айлық табысын есептеп, көрсеткіштен асып тұр, сол себепті сізге берілмейді деген жауап келді. Балалар менің қамқорлығымда емес қой. Бұл – бөлек отбасы. Неге ата-әжесінің табысы есептелу керек. Әлеуметтік жағдайы неге ескерілмейді. Оқушыларға мектепке дайындыққа берілетін 40 мың теңге әділ тағайындалса, – деді А.Заирова.

Азаматтардың пікірін назарға алған Мұрат Әбенов:

– Барлық ауылда халықпен кездес­кенде көтерілетін мәселелер бірдей. Ол – медициналық қызметтің сапасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы. Халық қорға  ақшасын төлейді, бірақ орнына алып жатқан сапалы  қызметі жоқ. Екінші мәселе – балаларға берілетін мектептегі ыстық тамаққа бөлінетін қаржы көлемінің әр алуандығы. Мәселен, бір ауылда бір балаға күніне тамақ ішуге 200 теңге, енді бір ауылда 400 теңге қарастырылған. Астана мен Алматыда 800 теңге, ал Назарбаев зияткерлік мектебінде 2000 теңге деген реніштер айтылып жатыр. Әрине, бұл өте орынды деп есептеймін. Себебі мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек. Сондықтан біз Парламент қабарғасында бұл мәселе бойын­ша тиісті министрліктерге стандарттар енгізу жөнінде ұсыныс беретін боламыз, – деді.

Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан сарабдал саясаты мен бағамды бағдарламаларын халыққа түсіндіріп, насихаттауды мақсат тұтқан фракция мүшесі әрі қарай Көкшоқыдағы ашық алаңның (стадион) күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Бұл партияның сайлауалды жол картасында көрсетілген жос­парларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған. Соған сәйкес «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі күрделі жөндеу жұмыстарының қарқыны мен материалдарының сапасын тексерді.

Еске сала кетейік, ашық алаңдағы жөндеу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Оған облыстық бюджеттен 224 630 000, аудандық бюджеттен 11 940 000 теңге қаржы қаралыпты. Бас мердігер «Корпорация – Алем құрылыс» ЖШС, бас жобалаушы «Қызылорда Дос Строй Проект» ЖШС, авторлық қадағалау «Темирлан Проект» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Қабылан эксперт» ЖШС.

Күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көрген фракция мүшелері бірқатар мәселелерге назар аударды.

– Мердігерлер нысанның жұмыстарын мерзімінде аяқтауы тиіс. ашық алаңының (стадион) күрделі жөндеу жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуі маңызды. Сонымен қатар, сапасы барлық стандарттарға сай болуы керек, – деп атап өтті фракция мүшесі Мұрат Әбенов.

Шынында, Шиеліде атқарылған шаруалар аз емес. Алайда болашағы кемел, бағыты айқын аудан халқының жағдайын бұдан да жақсарту үшін жасалатын жұмыстардың мұнымен түгесілмесі анық. Осылайша, тірлігі таудай, бірлігі бекем баудай өлкенің әлеуметтік нысандарын аралап, халықпен кездескен халық қалаулысы өзгеше ой түйді.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: