Жұма, 19 сәуiр, 23:00

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Ертең 1 қыркүйек: Облыстың бас ұстазы не дейді?

31.08.2022

318

0

2022-2023 жаңа оқу жылында аймақтағы 295 мемлекеттік және 16 жекеменшік мектептерде 182 мың оқушы білім алады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бес мың оқушыға артқанын білдіреді. Сондай-ақ, биылғы оқу жылының ұзақтығы 36 оқу аптасы болып бекітілді. Тиісінше, сабақ жоспарының уақыты ұзартылып, оқушылар күніне 5-6 пәннен оқитын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі оқу бағдарламасында бірқатар түзетулер енгізіліп, бірінші сынып оқушыларына «Шетел тілі» және «Орыс тілі пәндері» оқытылмайды. Ал барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен алынып тасталынды.

«Жаңа оқу жылында облыс бойынша 18 мыңға жуық бала бірінші сыныптың табалдырығын аттамақшы. Осы ретте қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сынып оқушылары қазақ тілінде, орыс тілінде оқытатын мектептерде – қазақ және орыс тілдерінде оқытылатын болады. Қазақ мектептерінде орыс тілі пәні 2 сыныптан бастап оқытылатын болса, ағылшын тілі 3 сыныптан бастап оқу жоспарына енгізілмек. Ал оқушылардың білімін бағалау көрсеткішінде өзгеріс болмайды. Сонымен қатар, қаладағы үш ауысымда оқытатын 6 мектептен басқа барлық білім беру ұйымдары 5 күндік оқу аптасына ауыстырылды. Жалпы оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен толық қамту бойынша 13 баспамен 86 келісім-шарт жасалынған болатын. Осыған сәйкес, 637 313 дана жаңа оқулық алынып, екінші сынып кітаптары толығымен жаңартылды. Ал қалған сыныптың оқулықтары 20 пайызға толықтырылды. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде демеушілер есебінен 7 105 балаға қаржылай көмек көрсетілсе, жергілікті бюджеттен 33 268 балаға – 37 389 теңгеден қаржылай көмек берілді. Айта кетейін, «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға қаржылай көмек көрсетілді», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.

Брифинг барысында басқарма басшысы орта оқу орындарындағы дайындық барысына тоқталып өтті. Биыл өңірдегі 30 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алады деп күтілуде.

«Орта оқу орындарындағы сабақтар дәстүрлі форматта басталады. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін өтініштерді қабылдау аяқталды. Нәтижесінде, оқуға түсу үшін 6198 өтініш түссе, оның 4989-ы мемлекеттік білім грантына болса, 1209-ы ақылы негізде білім алуға құжат тапсырған. Биыл колледждерге бөлінген грант саны – 4708-і құрап отыр», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Тағы да оқыңыз: