Жексенбі, 15 желтоқсан, 01:45

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Білім беруді дамытудың 5 жылдық жаңа тұжырымдамасы қабылданды

01.11.2022

320

0

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен селекторлық режимде Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту мәселесі қаралды.

Жиынға салалық министрлер, өңір әкімдері қатысты.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тұжырымдамада мектеп бағдарламасы жетілдіріліп, келешекте мектептерге академиялық автономия беріліп, әр оқушының цифрлық портфолиосы әзірленетінін жеткізді. Сондай-ақ, шағын комплектілі мектептерде жекеленген пәндер онлайн оқытылып, балаларды цифрлық оқулықтармен оқыту көзделмек. Сапаны арттыру үшін директорлар мен мұғалімдердің кадрлық резерві де жасақталуда.

Ал ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 100 мың педагог даярлау жоспарда тұрғанын және жұмыс берушілермен бірге университтердің білім бағдарламалары жаңартылғанын тілге тиек етті.

Жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл колледж түлектерінің 75%-ын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 

Селекторлық жиында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептерге интернет орнату және балаларға арналған планшет құрылғыларын сатып алу мәселесіне тоқталды.

Премьер-министр 5 жылдық тұжырымдамада көрсетілген жоспарлардың уақытылы орындалуын тапсырып, балалардың сапалы білім алуында кедергі болмауы қажет екенін баса айтты.

Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде білім сапасын жетілдіру және мектептердің құрылыс мәселелеріне тоқталып, сала басшыларына нақты тапсырма жүктеді. 

«Оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Жаңа тұжырымдамада көзделген барлық көрсеткіштер өз мерзімінде орындалуы тиіс. Осы кезге дейін аймақта жаңадан бірнеше мектептің құрылысы жүргізіліп, ғимараты ескірген мектептер күрделі жөндеуден өтуде. Алайда, Қармақшы ауданындағы №121, №85 мектеп пен Жаңақорған ауданындағы №55 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмай тұр. Бұл жүйесіз жоспарлаудың салдары. Білім басқармасының басшысы мен аудан әкімдері Сіздерге қазан айында жұмыстарды аяқтау тапсырылды. Бірақ, нәтиже жоқ. Біз «балалар лайықты деңгейде білім алсын» деп жаңа мектептер салуға қаражат сұраймыз, Сіздер ғимарат құрылысын аяқтауға түрлі себептерді сылтау етесіздер. Мердігерлермен жұмысты ширату керек. Жыл аяғын күтпей, шұғыл арада жұмысты үйлестіріп, мектепті ел игілігіне табыстаңыздар», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Биыл өңірде 4350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылына 1 мемлекеттік және 2 жекеменшік мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін Қызылорда қаласында бір мектеп, Жаңақорған ауданында 3 мектеп Қазалы ауданында 1 мектеп пайдалануға берілуі тиіс.

Айта кетейік, аймақта алдағы жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 15 жаңа мектеп салынады. Ал демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептер саны 20-ға жетті.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика