Жұма, 04 қазан, 16:26

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Astana Media Week 2024: Өңірлік БАҚ және ортақ мәселелер

26.09.2024

123

0

Astana Media Week 2024: Өңірлік БАҚ және ортақ мәселелер

Медиасалаға арналған апталықтың екінші күні өтіп жатыр. «Қазмедиа» орталығында өтіп жатқан шараға  БАҚ саласының өкілдері, сарапшылар, республикалық және аймақтық журналистер, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың баспасөз қызметкерлері қатысуда. Екінші күннің алғашқы сессиясы «Өңірлік БАҚ дамуында синергияның көрінісі» тақырыбында өрбіді.

Сессияны «24KZ» телеарнасының директоры Жасын Біркенов жүргізді.
Алғашқы сөз белгілі ғалым, академик «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлына берілді. Ол «Қазақ газеттері» ЖШС-на 11 басылым қарайтынын атап өтті.
«Бүгінде мерзімді басылымдар жұмысында шешілмей жатқан көптеген мәселе бар. Біз де ірі серіктестік ретінде бұл мәселелерді күнде байқап отырамыз. Мәселен, авторлық құқықты сақтау мәселесі бүгінде өте өткір қозғалып отыр. Бұл фотожурналистер мен тілшілердің жұмысында қиындық туғызады. Соттасуға дейін де жеткен оқиғаларды бастан кешірдік. Бұл журналистер мен масс-медиа өкілдерінің мәртебесін көтеру мен құқығын қорғау бойынша жұмыстар біршама тоқтап қалғанын білдіреді.

Тағы бір мәселе – қаржыландыру мен жарнама. Бүгінде «Газет-журналдарды кім оқиды? Қазіргі заманда газет оқу өзекті емес» деген оғаш пікірлер қалыптасып жатыр. Десе де, газет оқитын адамдар бар, әр кез болады да. Газет саласына тек қолдау қажет. Бүгінде жарнама берушілер едәуір азайған, газет беттерінде тек некрологтарды ғана көруге болады. Иә, бұл шындық.

Келесі мәселе – газет беделі. Мәселен, 80-90 жылдары елдің бас басылымдарының беттеріне қандай да бір шенеунікке қатысты сыни материал шықса, оған дереу сөгіс жарияланып, лауазымынан да айырылып қалуы мүмкін еді. Ал аналитикалық мақалалардың деңгейі қазіргі материалдармен салыстырғанда жоғары болатын еді. Бұдан тағы бір мәселе туындайды — журналистердің сауаты, жас мамандарды оқыту сапасы», деді Дихан Қамзабекұлы.

Сессияда Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов сөз сөйлеп, «Масс-медиа туралы» заңның күшіне енгенін еске салып, БАҚ саласының мамандары бас қосқан форумда көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Сессия соңында Қызылордадан шығатын «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат және шымкенттік журналист Әлия Ортаева өз ойларын ортаға салды.

Әзиз Жұмаділдәұлы

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика