Сәрсенбі, 29 мамыр, 01:56

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада жаңа автовокзал ашылды

12.04.2024

373

0

Қызылордада жаңа автовокзал ашылды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының сол жағалауында бой көтерген заманауи үлгідегі жаңа автовокзалдың ашылу рәсіміне қатысып, қала тұрғындарын құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын. Автобустармен жолаушы тасымалдау – үлкен сұранысқа ие қызмет. Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы жаңа автовокзал салу жөнінде шешім қабылданып, Сырдың бас шаһары тағы бір әсем, заманауи нысанмен толықты. Құрылысшыларымыздың құрыш қолынан шыққан осы ғимараттан аттанған жолаушылардың жолы ақ, сапары сәтті болсын! Аймақ экономикасының кірісін еселейтін көліктер легі толастамасын! Ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын көпірі болсын!», – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев жерлестерін құттықтады. Сондай-ақ, нысан құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жаңа автовокзал халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай бюджет қаржысы есебінен 975 млн. теңгеге салынды. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.

Айта кетейік, соңғы жылдары Сыр өңірінде барлық саланың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автопаркін жаңартуға басымдық берілуде. Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңадан 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, ветеринария саласының мамандарына 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік, төтенше жағдайлар қызметіне 17 арнайы техника алынды. «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік сатып алынбақ.

Қала тұрғындарына арзан бағамен тасымал қызметін көрсететін 100 экотакси 1 млрд. теңгеге алынуда. Электр қуатымен жүретін көліктер ортақ желі арқылы жұмыс жасап, жолаушыларды діттеген жеріне қауіпсіз жеткізеді.

Еске салсақ, өткен жылы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн. теңгеге жуық қаржыға тоғыз жолдың торабындағы бас қақпа – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Аумағы абаттандырылып, жаңадан жарық шамдар орнатылды. Жақында «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызына 44 заманауи вагон алынып, толығымен жаңаланды.

«Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек.

437706969_726027579718489_958343980593986243_n.jpg
437653443_726027986385115_7652734673765460646_n.jpg
437613232_726027923051788_5498045324472747869_n.jpg
437569983_726027756385138_6317882915186195539_n.jpg
437541879_726027389718508_5091520184312416420_n.jpg
437540551_726027296385184_7050874595590379993_n.jpg
437392342_726027976385116_4674138703376528358_n.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: