Жұма, 04 қазан, 15:56

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жиһаз өндірісіндегі жаңа бағыт

18.01.2024

231

0

Жиһаз өндірісіндегі жаңа бағыт

Бүгінде тапсырыспен жиһаз жасау трендке айналды. Жаңа технологиялардың дамуы жиһаз жөндеуге де жаңашылдықпен келді. Бұрынғыдай ресейлік, беларусьтік жиһаз деп ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Керісінше тапсырыспен жиһаз жасататын шеберлердің есімі таныла бастады. Соның бірі – Әбутәліп Пірімжанов.

Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы мемлекеттен 6 пайыз жеңілдікпен субсидия алып, «Адал» шеберханасын ашты. Мұнда есіктің түр-түрі жасалады. Кәсіпкер 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар 150-250 мың теңге аралығында айлық алады. Шаруашылығына қажетті ағаш станогін Қытайдан арнайы әкелген. Өнімге қажетті материалдардың басым бөлігін Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан тасиды. Бояудың да итальяндық, түркиялық түрі пайдаланылады. Ал ағаш есікке қажетті өнімдер жергілікті жерден қолданылады. Өндіріс жұмыстарының басым бөлігі автоматтандырылған. Дайын өнім жасалып, сырланып, тұтынушының үйіне жеткізіледі.

Кейіпкеріміз кез келген жұмысқа тәртіп пен талап қажет екенін жақсы түсінеді. Оның ұстаханасының өнімдері облыс аумағынан бөлек, өзге де өңірлерге сатылымға шығуда.

– Мұндай іспен айналысу бала күнгі қызығушылығымнан басталған. Үлкендердің ер шауып, қамшы өріп отырғанына талай мәрте куә болғанмын. Сол көзбен көрген дүние бүгінде өміріме арқау болып отыр. Тапсырысты тұтынушы талғамына сай жасап беруде бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз. Қажетті материалдарды көбіне Алматы, Шымкент қаласынан алдыртып жатамыз. Сыр өңірінің өнімін брендке айналдыру ойым бар. Қазір бұрынғыдай бір сипаттағы жиһаздар сән емес. Сондықтан ұдайы ізденіс үстінде болып, тәжірибемізді жетілдіріп отырамыз. Өйтпеске болмайды. Оның ішінде қолөнер ісі аса шыдамдылық пен терең талғампаздықты қажет етеді. Қазір қоғамда екі қолға бір күрек таппай, ата-анасының табысына таңылып отырған жастар жеткілікті.

Оларға айтар кеңесім, мемлекет пен отбасына қарап отырмай қолдан келер іспен шұғылдану керек. Мемлекет кәсіппен айналысуға  мүмкіндікті жасап, қолдау танытуда. Сондықтан өз мүмкіндігіңді молынан пайдалана білген ләзім, – дейді цех директоры.

Қазір инновацияның дамыған дәуірі, жастар әртүрлі ғылыми жаңалықтар ашып қолданысқа енгізуде. Дегенмен атаның тегімен, ананың сүтімен келген ұлттық қасиеттерімізге мән беруіміз қажет. Жаңқаға жан, темірге тіл бітірген шеберлер кім-кімді болса да тәнті етеді. Халқымызда «Қолынан келген құмға кеме жүргізеді» деген сөз бар. Бұл ұшқыр ойы мен шеберлігін ұштастырған ұсталарға айтылса керек-ті.

Мұнда жұмыс істейтін шебердің бірі – Талғат Әшірбеков. Өзінің сөзінше, жұмысқа кіріскелі көп уақыт бола қоймаған.

– Келген тапсырыстарды дер уақытында аяқтаймыз. Мәселен, бір күнде 10-15 есік жасап шығарамыз. Қалада осындай орталықтар көп болса, жастар жұмыссыз жүрмейді деп ойлаймын, – дейді ол.

Кәсіпкер жасаған бұйымдарымен облыс орталығынан бөлек аудандарды да қамтып отыр. Арнайы тапсырыс беретіндер де табылады. Бағасы көлемі мен пайдаланылған материалға қарай қойылады.

Бұл – өлшеусіз еңбек пен төккен тердің жемісі мен жеңісі. Қазір Әбутәліп жасаған жиһаз көп тұрғынның үйінде тұр.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика