Сенбі, 13 шiлде, 02:04

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қазалыға арнайы іс сапармен аралдық делегация келді

25.06.2024

112

0

Қазалыға арнайы іс сапармен аралдық делегация келді

Тәжірибе алмасу – іркіліп тұрған істің алға басуына септігін тигізетін іс. Бұл тәжірибеден өткендер өзге өңірдің өзгешелігін байқап, іліп алар тұсын өз еліне алып келуге тырысады. Бұл кеше немесе бүгін пайда болып жатқан дүние емес. Бұл тәжірибе кеңес дәуірінде де кеңінен қолданылды. Ол үрдіс бүгінгі күнге дейін күшін жойған жоқ. Жуырда тәжірибе алмасу мақсатында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев бастаған делегация Қазалыға келіп, өлкенің тыныс-тіршілігімен танысты.

Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет делегация мүшелерін атқарылып жатқан жұмыстармен және алдағы жоспарлармен таныстырды. 

Сондай-ақ, аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі бірқатар әлеуметтік, кәсіпкерлік, құрылыс нысандарын аралатып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.

Делегация мүшелері алдымен аудандық ардагерлер үйіне барып, ардагерлермен кездесті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов көрші жатқан қос ауданның мұндай игі ісіне ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Құт қонған мекен, қасиетті Қазалы жеріне қош келдіңіздер! Терең тарихы бар топыраққа қоныстанғалы мұнда ілкімді істер жасалып келген. Сол оң жұмыстар бүгінге дейін жалғасын тауып, облыстағы белді, инфрақұрылымы келіскен мекендердің біріне айналып отырмыз. Оның ішінде кәсіпкерлігі де жақсы дамыған, елге танымал, тіпті көп адам «Екінші Түркістан» атап кеткен бұл жерді. Аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы да осынау жауапты істі әрмен қарай жалғастырып, Қазалының абыройын асқақтатып, одан әрі гүлденуіне үлкен үлес қосып жатыр. Құрметті Аманжол Сақыпұлы, біздің де сіздерден аларымыз көп. Алдағы істеріңізге, сапарларыңызға сәттілік тілейміз, – деді ол.

Мұнан соң аралдықтар аудандағы жастар ресурстық орталығы, «РЗА» акционерлік қоғамы, «Амир» жеке спорт кешені, Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы, аудан әкімдігі ғимараты, әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысы, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі мен орталық алаң, Жеңіс саябағы және аудан орталығында жүргізіліп жатқан абаттандыру мен жол жөндеу жұмыстарын көрді.

Бүгінде ауданның әрбір саласында жүріп жатқан қызу тіршіліктің жайын көріп, ілгері істің куәгері болған аралдықтар алдағы уақытта түрлі жобалар бойынша тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істейтіндерін жеткізді.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика