Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қазалы ауданының Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты. Мұндай кездесулерде мәселелер ашық талқыға салынып, алдағы бағыт белгіленеді, осыған сай жұмыс жүйесі құрылады. Халықтың әлеуметтік түйткілдер туралы ұсыныстары, талап-тілектері ескеріледі. Азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарттары осындай іс-әрекеттерден бастау алады.
Аймақ басшысы кездесуде өткен жылдың қорытындылары, жетістіктері, туралы қысқаша баяндады, содан соң тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Өткен жылы атқарылған жұмыс аз емес, жаңа басталған жылға арналған жоспарымыз былтырғыдан да ауқымды. Алдымызға бастамаларымызды әрі қарай жалғастырып, соңына дейін жеткізу, жаңа жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айындағы арнайы жұмыс сапары кезінде өңірде атқарылған жұмыстармен танысып, оң бағасын бергенін білесіздер. Сол сапарда Президент облыстың инфрақұрылымын дамытуға қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Сол шешімдердің игілігін халық көруі үшін қыруар тірлік атқарылуы тиіс.
Аймақта экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Өңірлер арасында тамыз айынан бері үздіктер қатарында – алғашқы үштіктеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңгені құраса, облыстық мәслихат сессиясында 2024 жылдың бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Жыл соңына дейін салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджетті 700 млрд теңгеден асырамыз. Бұған резервтеріміз бар. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналып, республика бойынша алдыңғы қатардамыз. 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. Биыл 110 құрылыс нысанын салуға 94,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат жыл аяғына дейін едәуір көбейеді. Бұл қаржы өңірдің сан саласындағы мәселелерді шешуге бағытталмақ», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайын Дәуіт бата берді. Сондай-ақ, ардагерлер мен ауыл азаматтарына марапат тапсырылды.
Айта кетейік, биыл Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын тарту басталады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында көпбейінді орталық ауруханаға қосымша ғимарат салынбақ. Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб құрылысы жүруде. Жақын күндері Майдакөл ауылында да клуб салу қолға алынады. Бекарыстан би, Қожабақы ауылдары мен Әйтеке би кентінде жаңа спорт кешені бой көтереді.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz