Сейсенбі, 19 наурыз, 12:53

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Өңірлік көрмеге 60-тан астам тауар өндіруші қатысты

15.07.2022

435

0

Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауы өтті. Шараны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері, қаржы институттарының өкілдері мен аймақ кәсіпкерлері, сондай-ақ облыс тұрғындары қатысты.

Атап өткен жөн, ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыруға ынталандыру мақсатында Президенттің Жарлығымен 2006 жылдан бастап елімізде жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өткізіліп келеді.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы үш номинация бойынша жүргізіледі:

– «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;

– «Халық тұтынатын үздік тауарлар»;

– «Үздік азық-түлік тауарлары».

Өңірлік көрме-байқаудың 9 жеңімпазы (әр номинацияда үш жеңімпаздан) республикалық конкурсқа қатысады.

Биылғы жылы өңірлік байқауға аймақ кәсіпкерлігінің түрлі саласынан 60-тан астам тауарөндіруші қатысты. Құрамында бизнес, мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын сарапшылар конкурсқа қатысушылардың өнімдерімен танысып, бағалау жұмыстарын жүргізді, жеңімпаздарды анықтады.

Сараптамалық топтың анықтауымен «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқаудың жеңімпаздары:

– «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша цемент өнімдерін шығаратын «Компания Гежуба Шиели Цемент» ЖШС, мұнай өндірісіне арналған қондырғылар шығаратын «Новомет-Казахстан»  ЖШС, поливинилхлорид және төменгі қысымды полиэтилен құбырларын шығаратын «Казахстанская  Нефтехимическая Компания Кемикал» ЖШС-нің Қызылорда филиалы;

–  «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша ұлттық киімдер тігумен айналысатын жеке кәсіпкер «Aiman Abdi», құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «ВЕГА-Пром» ЖШС, жиһаз дайындайтын «Алис трейд Казахстан» ЖШС;

– «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша өңделген ет, сүт, көкөніс өнімдерін шығаратын «Аруана Агролидер» ЖШС, күріш және күріш өнімдерін өндіретін «Асыл дән LTD» ЖШС, өнделген балық және балық өнімдерін өндіретін «Қарашалаң Сервистік Дайындау Орталығы» ЖШС.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықпен марапаттады.

Шара аясында балалар жылына орай жеңіл өнеркәсіп саласындағы жергілікті таураөндірушілердің, атап айтқанда:

– жеке кәсіпкер «Aiman Abdi»-дің қазақи нақыштағы балаларға арналған киім үлгілерінен;

– жеке кәсіпкер Цой Светлананың балаларға арналған кешкі көйлектер топтамасынан;

– «DALATEX» ЖШС-нің «Мектеп формасы» топтамасынан дефиле көрсетілді.

Сондай-ақ, отандық өнім өндіріп, облыста кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан үлесі және өңірлік көрме-байқауына қатысып, белсенділік танытқан кәсіпкерлер облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықовтың алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен бірге, көрме-байқауда кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында шағын бизнес өкілдеріне демеушілік көрсету жөнінде бастама көтерді. Осылайша сараптамалық топтың ұсынысымен көрме-байқауға жоғары дайындықпен келген 9 кәсіпкер арнайы сыйлықтарға ие болды.

Тағы да оқыңыз: