Сенбі, 15 маусым, 03:48

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сыр өңірінде заманауи қан орталығы ел игілігіне табысталмақ

11.06.2024

266

0

Сыр өңірінде заманауи қан орталығы ел игілігіне табысталмақ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қаралды. Ұзақ мерзімді тұжырымдамаға жаңа нысандар салу, ескірген ғимараттарды қайта жаңғырту, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтау мәселелері енгізілген.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіруде қолға алынған, жоспарланған жұмыстарға тоқталды.

«Қазір аймақта тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, сала инфрақұрылымын жетілдіру кешенді жүргізілуде. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне табысталады. Жақын күндері ұлттық жоба аясында Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады. Барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік алынуда. Осы кезге дейін облыстық Қан орталығының жеке ғимараты болмаған. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында сол жағалаудағы жаңа Қан орталығын пайдалануға беріп, медицина ұйымдарына 50 санитарлық автокөлік табыстаймыз», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы жауапты мекеме басшыларына құрылысы қолға алынған, қайта жаңғыртудан, күрделі жөндеуден өтетін нысандардағы жұмыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды. Нысандар ең алдымен халыққа ыңғайлы, жайлы болуы тиіс. Мұнан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жаңадан пайдалануға берілетін мекемелерді заманауи, қажетті құрылғылармен толық қамтамасыз ету тапсырылды.

Еске салсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан ауылында жаңа медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алды. Биыл 3 млрд. 800 млн. теңгеге 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Сондай-ақ, өткен жылы облыстың денсаулық сақтау ұйымдарына 513 млн. теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік берілді.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика