Жұма, 11 қазан, 16:19

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Нұрлыбек Нәлібаев: Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық толастар емес

23.05.2024

155

0

Нұрлыбек Нәлібаев: Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық толастар емес

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім саласының өзекті мәселелері талқыланған кеңейтілген мәжілісте жиынға қатысушыларды білім сапасын арттыруға, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырды.

«Әріптестер, білім беру саласына қойылатын негізгі 2 ғана талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім беру, екіншісі – саналы тәрбие беру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. Өскелең ұрпақ пен жастарға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек.

Биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі 171 мәдениет үйі жанынан жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін, түрлі бағыттағы үйірмелері бар «Адал адам» орталықтары құрылып, жұмыс жасауда. Осыған қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар толастар емес. Соңғы уақытта оқушылардың электронды темекіге әуестенуі, өз-өзіне қол жұмсауы, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелестер мен әлімжеттік жиі көрініс беруде. Отбасында бүлдіршіндер мен жеткіншектердің интернетке тәуелділігі белең алып, спорт пен шығармашылықты дамытуға бағытталатын алтын уақыт зая кетуде. Бұл барша ата-ананың басты уайымына айналды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттаудың рөлін ерекше атап өтіп, облыстық білім басқармасына мектептер мен колледждерде «Аналар академиясының», «Әкелер кеңесінің», ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыруды тапсырды. Мұнан бөлек, басқармаға құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың іс-шаралар жоспары аясында күшейтілген жұмыс жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Мектепішілік және полиция органдарының есебінде тұрған оқушыларды бейімдеу үшін үйірмелерге тарту, жазғы демалыспен қамту қажет.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармалары білім басқармасымен бірлесіп, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын кешенді түрде үйлестіруге жауапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы салауатты өмір салтын қалыптастыруда, балалар мен жасөспірім қыздардың денсаулығын нығайтуда «Жастар денсаулығы» орталығының жұмысын күшейту керек. Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түрлі санаттағы отбасыларға талдау жасап, әлеуметтік карта әзірлеуі тиіс. Полиция департаменті қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылық, кибербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қоюы қажет. Қала, аудан әкімдеріне облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қалалық, аудандық ардагерлер, қоғамдық, әйелдер кеңестерін жұмылдыру арқылы тәрбие жұмыстарын жандандыру жүктелді. Ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім басқармаларына қала, аудан әкімдері және полиция департаментімен бірлесіп, вейп пайдалануға толық тыйым салу және сатылымын болдырмау шараларын қабылдау тапсырылды.

Жиын соңында аймақ басшысы барлық жауапты мекемелерге балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауды, ортақ іске барынша атсалысуды тағы да ескертті.

444789483_750551680599412_8662338135551328967_n.jpg
441953300_750551920599388_6986660378778530719_n.jpg
441958707_750551977266049_3817047912643566980_n.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика