Жұма, 04 қазан, 17:18

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада ветеринария мекемелеріне 26 жаңа көлік табысталды

10.07.2024

194

0

Қызылордада ветеринария мекемелеріне 26 жаңа көлік табысталды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні алғаш рет аталып өтуде.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ветеринария ұйымдарына жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстау рәсіміне қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген болатын. Мемлекетіміз ветеринария саласын жетілдіруге аса үлкен мән бергенінің арқасында салада серпінді жұмыстар қолға алынды.

Биыл 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық дәрі-дәрмек облысқа жеткізіліп, төрт түлік уақытылы алдын ала егілді. Сапалы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы облысымызға аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін берді. Бұл мал өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға оң септігін тигізеді. Облыста соңғы жылдары аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ, эпизоотиялық тұрақтылық сақталуда. Бұл – сала мамандарының тынымсыз еңбегінің жемісі», – деді аймақ басшысы.

Рәсімде қалалық, аудандық ветеринариялық станцияларға 26 жаңа автокөліктің кілті табысталды. Қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов ветеринарларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Үздік қызметкерлер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, облыс әкімінің Алғыс хатымен және сала ардагерлері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Айта кетейік, өңірдің ветеринария саласында 780 маман қызмет етеді. Екі жыл бұрын олардың жалақысы 60 мың теңге болатын, жыл сайын қаңтар, шілде, желтоқсан айларында ақысыз еңбек демалысына жіберілетін.

Салада мамандарды тұрақтандыру үшін 2022 жылы жергілікті бюджеттен 724 млн теңге бөлініп, қызметкерлер жалақысы 40 пайызға өсті. Мемлекет басшысының зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысын көтеру жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2022-2024 жылдары бюджеттен қосымша 1 млрд 634 млн теңге бөлініп, ветеринарлар жалақысы тағы 50 пайызға көбейді. Мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға екі жылда облыстық бюджеттен 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, қызметтік автокөліктер мен құрал-жабдық алынды.

Соңғы жылдары өңірде барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 120 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника алынды. «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының жеңімпаздарына күнделікті тұрмысқа ең қажетті заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілсе, биыл 19 техника дайындалуда. Оған қоса «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне 24, «Қызылорда тазалығы» мекемесіне 20 техника пайдалануға берілді.

Биыл жыл соңына дейін денсаулық сақтау ұйымдарына 150 жедел жәрдем көлігі, коммуналдық мекемелерге 15, абаттандыру мекемелеріне 67 арнайы техника сатып алынады.

Еске салсақ, ветеринарларға өткен жылы да 30 қызметтік автокөлік берілген болатын.

8.jpg
6.jpg
7.jpg
5.jpg
4.jpg
3.jpg
2.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика