Жұма, 29 наурыз, 07:40

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылорда: Ана мен бала өліміне кінәлі азаматтардың жауапкершілігі қатаң қаралады

21.09.2022

228

0

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жиынында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының іске асу барысы қаралды. Отырысқа министрлер, онлайн режимде барлық өңір әкімдері қатысты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,4 пайызға, қатерлі ісіктерден 8,7 пайызға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан 23 пайызға және туберкулезден 12 пайызға төмендегенін тілге тиек етті.

Жиын қорытындысымен Үкімет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін және әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

Үкімет тапсырмалары негізінде аймақтағы ахуалды саралаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ана мен бала денсаулығына ерекше мән беруді, соңғы жылдары ана мен бала өлімі көрсеткіштері көңіл көншітпейтінін алға тартты. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловқа өңірдегі емдеу нысандарына талдау жасап, жағдайды жақсарту үшін нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.

Облыс әкімі жуырда ғана орын алған ана өліміне қатысты оқиғаны жан-жақты зерделеп, тексеру жұмыстарына жеткілікті мән беріп, кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шара көруді міндеттеді. Сондай-ақ, мұндай оқиғаларды болдырмау үшін барлық қажетті мүмкіндіктерді пайдалана отырып, нақты шаралар қабылданатынын қаперге салды.

«Әрбір тіркелген өлім – бір отбасының трагедиясы. Өкінішке қарай, ана мен бала өлімінің көрсеткіші соңғы үш жылдан бері жоғары деңгейде болуда. 2020 жылы 12 жағдай, 2021 жылы 10 жағдай болса, жыл басынан бері 5 ана өлімі жағдайы тіркелді. Бұл өзекті мәселені осы кезге дейін арнайы қарап, тиісті сала басшысына, дәрігерлерге нақты тапсырмалар берілген еді, алайда орындалуы өте төмен. Нәрестелердің шетінеуі де күрделі мәселе. Қаншама отбасына бауыр еті баласынан айырылу оңай емес, бұл тұтас отбасының тағдыры.
Әр пациент дәрігерге үмітпен келеді, дертіне шипа табамын деп сенеді. Ал, тиісті дәрігерлерде жауапкершілік жоқ. Мұны бей-жай қалдыруға болмайды. Сондықтан ана өліміне жол берген мамандардың мәселесін қарап, талдау жүргізіңіздер», – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Олег Ким мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мухамбетоваға нақты тапсырмалар берілді.

Ана мен бала өліміне қатысты барлық деректер арнайы комиссия жұмысында сараланып, мамандардың кәсіби жұмысына талдау жүргізіледі. Сондай-ақ, облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібінде көтерілетін болады. Мұнан кейін бұл мәселелер әкімдіктің алдағы кеңейтілген жиынында қаралады.

Отырыс соңында облыс әкімі Ұлттық жобада көзделген көрсеткіштер мен нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, дәрігер мамандарының тапшылығын азайту мақсатында медициналық ұйымдарға талдау жасауды, жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды сапалы жүргізу қамтамасыз етуді тапсырды.

Тағы да оқыңыз: