Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал, Төребай би және Иіркөл ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов қатысты.
Президент барлық деңгейдегі әкімдерге жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, оларды толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуды, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдары туралы хабардар етуді және мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімін түсіндіруді тапсырғаны белгілі.
Аймақ басшысы кездесуде өткен жылғы жетістіктерді саралап, атқарылатын жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
«Өткен жыл еліміз және Сыр өңірі үшін жақсы жаңалықтарға, баянды бастамаларға толы, нәтижелі кезең болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айындағы арнайы жұмыс сапары кезінде өңірде атқарылған жұмыстармен танысып, оң бағасын берді. Облыс үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады.
Аймақта экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Өңірлер арасында тамыз айынан бері үздіктер қатарында – алғашқы үштіктеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңгені құраса, облыстық мәслихат сессиясында 2024 жылдың бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Жыл соңына дейін салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджетті 700 млрд теңгеден асырамыз. Бұған резервтеріміз бар. Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналып, республика бойынша алдыңғы қатардамыз. 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. Биыл 110 құрылыс нысанын салуға 94,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат жыл аяғына дейін едәуір көбейеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуде Төребай би ауылының еңбек ардагері Жақсылық Жалғасбаев бата берді. Сондай-ақ, ардагерлер мен ауыл азаматтарына қоғамдық жұмыстағы белсенділігі, ауылды дамытуға қосқан үлесі үшін марапат тапсырылды.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz