Сенбі, 27 шiлде, 12:08

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Адал қызмет алғысқа бөлейді

16.05.2024

152

0

Адал қызмет алғысқа бөлейді

Адам өміріне араша болатын дәрігерлік мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан болар бұл мамандыққа кез келген адам бара бермейді. Тереңнен ойлап қарасақ жауапкершіліктің астарында көптеген қасиет жатыр. Ол – табандылық, білім мен білік, мейірімділік. Осы қасиеттер ұштасқанда ғана мықты дәрігер болары сөзсіз. Біздің өңірде де білімі мен білігі, талабы мен талпынысы бір бойынан табылатын, алтын қолды дәрігерлер жетерлік. Солардың бірі – Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында хирург қызметін атқарып жүрген Әсет Әбутәліпұлы Жалмағанбетов.

Сырқаты жанына батқан талай науқасты ажалдан арашалап алып қалған хирург бүгінде жауапкершілігі өте үлкен дәрігер мәртебесінің биік болуына үлкен үлес қосып, қаншама жанның алғаусыз алғысына бөленіп келеді.

Әсет бұл салаға бала жасынан қызыққан. Мектепті жақсы оқып, биология, химия пәндерін тереңнен игеруге тырысады. Оның қалайда дәрігер боламын деген мақсаты арман қала Алматыға әкелді. Өзінің білімінің арқасында    Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне грантқа оқуға түсіп, білікті мамандардан дәріс алады. 

− Бұл салаға бала жасымнан қызығатын едім. Теледидардан ақ халатты киіп, ота жасап жатқан дәрігерлерді көргенде олардың жұмысын ерекше қызығатынмын. Сол арман жетегімен медицина саласы маманы болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Мектепте оқып жүргенде сабақты жақсы оқыдым. Әсіресе, биология, химия пәндеріне қызығушылығым ерекше еді. Сондықтан аталған пәндерді тереңдете оқуға ықыласым артты. Сол арманым аса жауапты хирургия саласын таңдауыма әкелді,−дейді ол.

Әсет 2012 жылы Қазақ ҰМУ-нің «Емдеу ісі» мамандығын бітіреді. Одан кейін Қызылорда қаласындағы облыстық медицина орталығында «Жалпы хирург» мамандығы бойынша интернатураны тәмамдайды. Содан соң аталған орталықта қабылдау бөлімшесінде дәрігер-хирург болып еңбек жолын бастаған. 2023 жылдан бастап орталықта хирургия №1 бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқаруда. 2017 жылы Алматы қаласы А.Сызғанов атындағы ұлттық-ғылыми хирургия орталығында «УДЗ бақылауымен кіші инвазивті әдістер» тақырыбында маманданудан өткен. 

Бүгінде  ол өзінің  біліктілігін жетілдіруді тоқтатқан емес. Үнемі ізденісті қажет ететін маман иесі болғандықтан білімді бірінші орынға қояды. Әсіресе хирургия саласының дамуына өзіндік үлесін қосуды армандайды. Қазіргі таңда бұл саланың біздің өңірде де тың серпін алып келе жатқандығын айтады.

− Еліміздің хирургия саласының даму деңгейі әлемдегі дамыған елдермен шамалас. Ол жақтарда да жасалып жатқан ота түрлері бізде де жасалуда. Облыстағы хирургия саласының даму деңгейін республикада алдыңғы орындарда деп санаймын. Қазір біздің ауруханада Сызғанов атындағы ҰХҒО-та қызмет атқарып, алыс-жақын шетелде білім алып, көптеген жаңа ота түрін меңгерген тәжірибелі мамандар басшылық қызмет атқарады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс хирургиясы тың серпін алды. Нәтижесінде жаңа ота түрлерін сатылы түрде енгізіп жатырмыз. Жергілікті дәрігерлер Алматы қаласы Сызғанов атындағы ҰХҒО, шетелдік ауруханалармен тығыз байланыста еңбек етіп келеді. Аталған әріптестермен тәжірибе алмасып, жан-жақты жасалған үлкен ашық ота, кіші инвазивті жолмен жасалатын ота түрлері ауруханаға енгізілуде. 
Еңбек жолымда алғашқы жасаған aппендэктомия отасы ерекше есімде қалыпты. Соқырішекке байланысты жасалған отаны облыстық медицина орталығында 2012 жылы жасадым. Бүгінде күніне орташа есеппен 4-5 ота жасалуда. Ол аптасына шашамен 10-15 отаға жетеді. Олардың 90 пайзы кіші инвазивті жасалады, яғни лапароскопиялық жолмен жасалды, − дейді. 

Қазақ халқында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Білікті хирург бұл ретте халықтың денсаулыққа немқұрайлық танытпаса екен дейді. Сондай-ақ  бұл ретте дәрігер халыққа құнарлы тамақтану жолын ұсынады. Осы ретте хирургияның қыр-сырын тереңнен меңгеруді қолға алған Әсет жұмыс барысында түрлі жобаларға қатысып, отаның сәтті өтуіне атсалысып келеді. 

− Орталықта науқастарға кіші инвазивті технологияны пайдаланып, лапароскопиялық операциялар кеңінен орындалуда. Қазіргі таңда лапароскопиялық аппендэктомия, холецистэктомия, шап жарықтары кезінде лапароскопиялық герниопластика ТАРР, асқазан және 12 елі ішек тесілген ойық жарасын лапароскопиялық тігу, панкреонекроз кезінде лапароскопиялық кіші шарбы майды ашу секілді жаңашыл істерді қолға алып отырмыз. Оған қоса дренаждау, механикалық сарғаю кезінде лапароскопиялық бауыр арқылы холецистостома орнату және УДЗ және ИОХГ бақылауымен тері-бауыр арқылы холангиостомия, лапароскопиялық бауырдың эхинококэктомиясы, жатырдан тыс жүктілік кезіндегі лапароскопиялық тубэктомия және туботомия жасалады. Одан басқа да көптеген отаны орындаймын. Санитарлық авиация арқылы аудандық ауруханаларда жоспарлы және жедел ота жасаудамыз, − дейді дәрігер. 

Осындай еңбегінің арқасында Әсет түрлі марапат төрінен көрінуде. Бұл оның еңбегінің жемісі. Осындай жақсы дәрежеге жетуіне өзінің алдыңғы буын ағаларының, ұстаздарының арқасы деп біледі. 

− Еңбек жолымда көптеген білікті маманнан тәлім алдым. Сондықтан менің үлгі тұтатын ұстаздарым көп. Ол азаматтар менің жақсы маман болып қалыптасуыма жол сілтеді. Олардың қатарында облыс хирургиясын республикалық деңгейге көтерген білікті азаматтар көп. Мәселен, елімізде көптеген хирургия саласының профессорларын тәрбиелеген Абдулла Шүленбаев, облысқа танымал хирургтар Нуриддин Әмитов, Бекет Мантаев, Вероника Цой, Бауыржан Куанышбаев сынды мамандарды ерекше құрметпен атаймын. Сондай-ақ, Қазақстан хирургиясын әлемге танытқан Болатбек Баймахановқа алғыс айтамын, − дейді ол.

Жақсы дәрігер ауруды жазады деген. Халықтың ықыласына бөленіп, жақсы дәрігер атану көп маманның қолынан келе бермейтін іс. Бұл ретте Әсет Әбутәліпұлы үдеден шығуда десек артық айтпағандығымыз болар.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика