Сенбі, 20 сәуiр, 08:00

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Сыр медиа» баспаханасы

«Сыр медиа» ЖШС қол жеткізген табыстардың бірі – өз баспаханасы салынып, жұмыс істеп келе жатқаны. Мұнда жаңа технологияға негізделген үндістандық «CityLine Express» офсеттік машина бар. Ол сағатына 35 мың дана газет басуға есептелген. Бұл баспаханадан баспа өнімдерін шығару қызметі, сапасы, бағасы өзге редакциялар үшін де тиімді болып отыр. Сондықтан серіктестік газеттерінен бөлек Жезқазған, Атырау, Сәтпаев, Шымкент қалаларының газеттері, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысына тарайтын тиражы да осы баспаханада басылады. Сонымен қатар республикалық «Халық» газеті, аймақтық «Ұстаз мәртебесі», «Арал әлемі», «Ардагерлер мерейі», «Кәсіпкер келбеті», «Ардагер айнасы», «Сыр табиғаты», «Сыр медицинасы» және т.б. басылымдары да басылады.

2020 жылдан бастап «Сыр медиа» серіктестігінің баспаханасы «ASU» баспа үйі» ЖШС-на сенімгерлік басқаруға берілді. Бүгінде баспаханада газет, кітап өндірісін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Уақыт талабына сай сапалы газет өндірісін дамыту үшін жаңа технологиялар жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, «Citiline Express» офсетті баспа машинасы, баспа формаларын дайындауға арналған СТР «Agfa Avalon N8-20» және басқа заманауи талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осы орайда тағы бір айта кетерлігі, «ASU» ЖШС баспаханаға жаңалық ала келді. Баспахана тек газет өндірісімен ғана емес, кітап өндірісін де қатар атқара бастады. Бұл – сырбойылық ақын-жазушылар, жалпы шығармашылық адамдары үшін де жақсы мүмкіндік. Себебі кітап шығару үшін енді ат терлетіп, алысқа барудың қажеті жоқ. Жергілікті «ASU» баспа үйі» ЖШС-нің баспасынан шыққан кітаптар сапасы өте жоғары. Баспа үйі «GTO-52», «БНШ-6», «Multi Effect», «Polar» және тағы басқа сапалы кітап өндірісіне қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

 Жаңа әріптес мұнда газеттерден бөлек, Сыр өңіріндегі баспа ісінің көшбасшысы саналатын, 25 жылдық тарихы бар «Тұмар» баспасы брендімен журналдар, кітаптар т.б. баспа өнімдерін шығаруды қолға алды. Баспаханада кәсіби білікті мамандар – редактор, техникалық редактор, суретші-дизайнер, корректор қызмет көрсетеді. Кітап өндірісіндегі офсеттік басылым, цифрлық инновациялық технология, соңғы үлгідегі баспахана жабдықтары сапалы кітап шығаруға үлкен мүмкіндік береді. Яғни баспаханада кітаптың дайындалуынан бастап, тұсаукесеріне дейінгі барлық қызмет түрі көрсетіледі.