«Арилан» – электромобиль инфрақұрылымын дамытушы компания. Ол көлікті қуаттандыратын станция орнатуды жолға қоюда. Өткен жылдан бастап «Арилан» Алматыға зарядтау желісін жеткізуді бастады. 2012 жылы құрылған кәсіпорын алдағы уақытта елдің барлық аумағын қамтуды жоспарлап отыр.
Бұл мақсатқа қазірдің өзінде 400 миллион теңге бөлген, алдағы уақытта инвестиция көлемін 2 миллиард теңгеге арттыруды көздейді. Саладағы осы және өзге де мәселені сарапшы, «Арилан» компаниясының атқарушы директоры Алексей Сосновскиймен бірге тарқаттық.
– Алексей, қазір жаңа технология жан жақты, әлем елдерін қамтып отыр. Алайда Қазақстан электромобиль дәуіріне дайын деп айта аламыз ба?
– Қазақстанда электромобиль екі есе артқан. Республика аумағында 8 мыңға жуық электромобиль бар, 2 жылда (2022-2023 ж.ж.) Дамуға қарап, өзгеріс болатынына сенімдіміз. Әйтсе де отандық автокөлік паркіндегі электромобиль үлесі ауыз толтырып айтатын деңгейде емес. Бар болғаны 0,04% ғана.
Электрлі қозғалтқышы бар автокөлік өткен жылдан бастап тіркелген. Бір ғана желтоқсан айында қатарға 521 «жасыл» көлік қосылған. Соңғы он жылда электромобиль саны бойынша мұндай елеулі өзгеріс алғаш рет көрініс тауып отыр. Бұған дейін күрт өсу 2016 жылдың 1 қаңтарында байқалған: 785 машина.
Батарея негізінде қозғалысқа енетін автокөліктің басым бөлігі, яғни 1,2 мыңы не 63,9%-ы Алматыда тіркелген. Мұны бірнеше фактормен түсіндіруге болады, маңыздысы бұл қалада бизнесмендердің көбірек шоғырлануында.
Келесі кезекте – Астана. Алматымен салыстырғанда елордада жүйткіген электромобиль бәрібір аз – 249 ғана. «Жасыл» көліктердің ең азы Ақмола (4), Ұлытау (4) және Солтүстік Қазақстан (2) облыстарында байқалған.
Жақында Парламент мәжілісі депутаттарының бірқатары Қазақстандағы «жасыл» көлік санын ұлғайтып, дамуды тежеп отырған фактордың бірі ретінде инфрақұрылымның артта қалуын меңзеді. Қазір облыс орталықтарының бәрінде электрлі көлікті зарядтаушы станция бар деп айта алмаймыз, ал аймақаралық трассалар туралы сөз қозғау тіпті артық.
Осының әсерінен Қазақстанда электромобиль тек қалада жүруге арналған көлік түрі ретінде қарастырылып отыр. Бұған қоса қазақ билігі электромобильге қатысты нақты қадамды енді бастады. Электромобиль сынды күрделі инновациялық технологияларға халықты үйрету, дәстүрлі транспорттан ауысуға дайындықты күшейту керек.
– Электромобильді қуаттау мәселесіне кеңінен тоқталыңызшы…
– Елімізде бензинмен жүргенге қарағанда электрокармен жүру 3 есе арзан. Энергетика министрлігінің есептеуінше, 1 электромобиль жылына орташа алғанда 3400 кВт/сағат энергия тұтынады, ал 2035 жылға қарай электромобиль секторындағы жалпы тұтыну көлемі 136 млн кВт/сағатқа жетпек.
Қазақстанда қашықтығы 500 шақырым, қуаты 350 кВт және аккумулятор сыйымдылығы 85 кВт/сағ (Tesla) электр көлігімен жүрудің әрбір шақырым құны 8,5 теңгені құрайды (қалалық циклде). Салыстырмалы түрде бензин багінің көлемі 60 литр болатын Toyota Camry (XV70) 2,5 автокөлігінің әрбір шақырымына жанармай құны – 19,06 теңге. (Қалалық циклде АИ 92 бағасы 205 теңге болған жағдайда қалалық циклде 100 шақырымға 9,3 литр жаққанда).
Ел бойынша жыл сайынғы орташа жүріс 20 000 шақырымды ескере отырып, электромобильді қайта қуаттауға арналған жылдық шығындар 1 квт/сағ үшін 50 теңге мөлшеріндегі тарифі ескеріле отырып, 170 000 теңгені құрайды, бұл ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильді ұстауға арналған жылдық шығындардан 2,7 есе арзан.
Мысалы, біз биыл қуаттау бекеттеріндегі қызмет құнын киловатт-сағат үшін 75 теңге етіп белгіледік. Бұл – аз шығын. Көрші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бес электромобильге орташа есеппен қоғамдық орында бір зарядтау станциясын орнату қажет. Осылайша 2030 жылға қарай Қазақстанда елдің барлық қалалары бойынша 200 мыңнан астам зарядтау станциясы болады.
– Мемлекет “таза транспортқа” ауысуға мүдделі ме?
– Әрине. Бұл бағытта электрмобиль иелері кедендік БАЖ салығын, утильалым және көлік салығын төлеуден босатылды.
Соңғы кезде жеке сектордың электромобильді пайдалануға көше бастағаны да нәтиже. Бүгінгі таңда қазақстандық компаниялар электромобиль мен электроавтобусты қоса алғанда, компаниялардың электр көлігін зарядтау үшін ЖЭК-пен жұмыс істейтін дербес қуаттау станциясын орнатуға күш салып келеді.
– Жақында Мәжілісте электромобильге арналған заң жобасы ұсынылды. Бұған қатысты не айтасыз?
– Заң жобасын шолып шықтық. Соның ішінде «Электромобиль» және «электрозарядты станция» ұғымдарын енгізу, коммуналдық ақылы автотұрақтарда (автопарковкаларда, паркингтерде) электромобиль көлігінің иесі үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану, аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау талаптары ұсынылғаны қуантты.
Себебі, электромобильдің болашағы зор. Шетелдік тәжірибе соған айғақ. Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитінде Ұлыбритания, Үндістан, Австрия, Польша, Канада, Түркия және басқа елдер, барлығы 33 ел, сонымен қатар ірі алты автомобиль өндіруші: General Motors, Ford, Mercedes, Volvo, Jaguar/Land Rover және BYD (Build Your Dreams) 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартатынын жариялады. Бірнеше күн бұрын Дубай қаласында өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясының сегіз климаттық іс-қимыл қарастырылған қорытынды құжаты қабылданды.
Негізгі іс-қимылдардың бірі — көлік құралдарының шығарындыларын азайту, инфрақұрылымды дамыту және электромобильді қолданысқа енгізуді жеделдету.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!
Автор: Мөлдір СНАДИН
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz