Жұма, 29 наурыз, 06:23

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Президент: Қазақстан Орталық Азия елдерімен шекараны шегендеу тәжірибесімен бөлісуге дайын

21.07.2022

376

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне шекараны шегендеудің тәсілдерін әзірлейтін сарапшылық алаң құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екінші. Біз, мемлекет көшбасшылары өңірде әлі де болса сақталып отырған тұрақсыздың факторларын барынша жою үшін мүмкіндігінше күш салуымыз керек. Мемлекеттер арасындағы шекарадан шыққан әрбір оқтың дауысы қатысы бар елдерде ғана емес бүкіл өңірде жаңғырық туғызуда. Дәл бүгінгі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз керісінше қайшылықтарды еңсерудің өркениетті, жауапты үлгісін таныта білуі керек. Шекара рәсімдеудің заңдық процесі соншалық күрделі әрі кедір-бұдырлы екенін біз өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелерді тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі прицптеріне құрметпен қарау арқылы ғана бейбіт жолмен шешуге болады. Одан басқа балама жолы жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.

Мемлекет басшысының пайымынша, проблемаларды созбаққа салу мен жылы жауып қою шиеленіске бастауы мүмкін.

«Түптің түбінде бұл Орталық Азиядағы әріптестікті дамытуға жұмсалған бүкіл еңбекті еш етуі мүмкін. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі шекарасын толық делимитациялаған жалғыз мемлекет ретінде мұндай мәселелердің өзара қолайлы шешімін іздеу жолында жәрдем көрсетуге дайын. Нақты айтсақ, шекараларды делимитациялау мәселесінде өзара қолайлы тәсілдерді әзірлейтін сарапшылық алаң құруды ұсынамыз. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен өзге де мамандар тартылуы керек. Оны үйлестіруді Сырты істер министрлерінің кеңесі өз мойнына ала алады», – деді Президент.

Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтіп жатыр.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысуда.

Kyzylorda-news.kz.

Тағы да оқыңыз: