Жұма, 29 наурыз, 06:57

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Мәжіліс Елбасы туралы заңның күшін жою туралы заң жобасын қарауға алды

28.12.2022

169

0

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерін қорғайтын заңның күші жақын арада жойылады. Парламент мәжілісі тиісті заң жобасын қарауға кірісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .

Бүгін, 28 желтоқсан мәжілістің кезекті отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң жобасын қарауға қабылдады.

Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтің айтуынша, заң жобасы республикалық референдум қорытындысы бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді.

«Атап айтсақ, биыл 8 маусымдағы Заңмен Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді», — деді Қожахметов.

Ата заңнан Назарбаевқа мемлекет басшысы лауазымына қатарынан екі реттен артық сайлану құқығын беретін ереже алынып тасталды.

Сондай-ақ, 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырымды және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынды.

Алайда Нұрсұлтан Назарбаевты барлық мәртебе мен артықшылықтардан айыру үшін «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңының күшін жою қажет болатын.

Бүгін парламентте осы процесс басталды.

«Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заңда не айтылған

Конституциялық заң 2000 жылы қабылданған болатын. Конституциялық заң бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болған кезде және Қазақстанның Тұңғыш президенті мәртебесін алғаннан кейін де жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды.

Оны ұстауға, қамаққа алуға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге, күзетпен ұстауға болмайды.

Сонымен қатар, Елбасы мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі барлық жеке мүлікке тиісуге және шектеу қоюға болмайды. Жеке мүлікке тұрғын және қызметтік үй-жайлар, қызметтік көлік, байланыс құралдары, хаттар, құжаттар кіреді. Тиіспеушілік Қазақстан Тұңғыш президентінің – Елбасының қорына және ол құрған өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

Бұдан бөлек, конституциялық заң Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі банк шоттарының құпиялығына және оған қол сұқпауына кепілдік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етіледі. Тұңғыш президенттің отбасы мүшелеріне де мемлекеттік күзет беріледі.

Конституциялық заңның 11-бабы Елбасыны зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыруды көздейді. Өкілеттігін тоқтатқаннан кейін Назарбаев жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы алып тұрады.

Ал Назарбаев қайтыс болған жағдайда отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі зейнетақының 10 еселенген мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына төленеді.

Тұңғыш президент пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады. Мұның барлығына қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді.

Тағы да оқыңыз: