Бейсенбі, 02 мамыр, 15:27

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жүректегі жазулар

03.03.2024

140

0

Жүректегі жазулар

Сырдария аудандық мәдениет үйінде ерекше, тың форматтағы «Сұхбат ТІМЕ» жобасы бастау алды. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы аясында қолға алынған сұхбат алаңының алғашқы қонағы ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы болды.

«Жүректегі жазулар» атты ақын өлеңдері жинағының атауымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты – ауданға белгілі, түрлі саладағы білікті мамандар мен танымал тұлғалардың еңбегін, өмір жолын халыққа, жас ұрпаққа насихаттау.

– Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде ұстазым өлеңдерімді жинақтап, бір-біріне жапсырып, кішкентай кітапша жасап берген болатын. Соның өзі үлкен күш беріп, оны ата-анам кітап сөресіне қойғаны әлі есімде. Міне, балалық арман бұл күнде шындыққа айналып, бірнеше кітаптың авторы болдым. Бала арманды шыңдап, қиялыма қанат бітірген ата-анамның, ұстаздарымның арқасы. Бүгінгі сұхбат әрі шығармашылық кешке арнайы уақыт бөліп, тілекші болып келіп отырған баршаңызға алғысым шексіз, – деді А.Ибрагимұлы.

Іс-шара барысында кейіпкермен бірге ойын да ойналды. Сергіту сәті ретінде ұйымдастырылған ойын көрерменнің көңілін көтеріп тастады. Одан кейін жас ақынның сөзіне жазылған «Жүрегімнің жүрегісің», «Жаз дидарлы жан екенсің» әндері аудан өнерпаздарының орындауында шырқалды. Мектеп оқушылары да өлең оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бағдарлама соңында халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітова сөз сөйлеп, ақынға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекованың Алғыс хатын табыстады. «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов құттықтау лебіздерін жеткізді. Тың бастама, ерекше жоба аясындағы іс-шара ақжаулықты аналардың алғысымен, қариялардың жас ақынға ақ жол, бата-тілегімен қорытындыланды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз: